Түркі әлемінің өнер майталмандары марапатталды
Антальяның Кепез ауданында Кепез әкімдігі мен «Tiyatro Gazetesi» басылымының бірлесе ұйымдастыруымен осымен екінші рет өткізілген ІІ Халықаралық Жерорта теңізі театр марапатының гала-кешінде түркі әлемінің мәдени бірлігі мен театр өнеріне үлес қосқандардың еңбегі бағаланды. 7 елден келген өнер иелері мен халықаралық өкілдердің басын қосқан бұл маңызды шарада түркі географиясының мәдениет және өнер байланыстарын халықаралық деңгейде нығайтқан тұлғалар ерекше ұлықталды.
Кештің ең мәртебелі марапаттарының бірі — «Түркі әлемінің мәдени қызмет марапаты» Түркі әлемінің ортақ мәдениеті мен өнеріне қосқан айрықша үлесі, бауырлас халықтар арасындағы мәдени көпірлерді бекіткені үшін Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбековке, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевқа және ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуфқа бұйырды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына байланысты салтанатты жиынға қатыса алмаған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев пен алдын ала жоспарланған екіжақты кездесулеріне байланысты бағдарламаға қатыса алмаған Бас хатшының орынбасары Сайит Юсуфтың марапаттарын екі тұлғаның атынан Түркия Республикасының ТҮРКСОЙ жанындағы өкілі А. Куталмыш Ялчын алды. Ал Өзбекстанның Мәдениет министрі Озодбек Назарбековтің марапаты Өзбекстан Республикасының ТҮРКСОЙ жанындағы өкілі Шевкет Артиковке табысталды.
Сұлтан Раев: «Театр — бауырлас халықтарымызды тоғыстыратын ең қуатты көпір»
ТҮРКСОЙ-ға жүктелген осы бір маңызды миссияның айқын көрінісі болған марапатқа байланысты өз әсерін бөліскен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев баяндамасында былай деді:
«Театр — бауырлас халықтарымыздың ортақ сезімдері мен қуанышын, мыңжылдық мәдени қазынасын бір сахнада тоғыстыратын әмбебап тіл. Антальядан түркі әлеміне созылған бұл жоғары баға — ТҮРКСОЙ ретінде жүргізіп отырған ортақ мәдени мұратымыздың қаншалықты кең серпін алғанының дәлелі. Өнердің біріктіруші күшіне сенім білдіріп, еңбек сіңірген барша жандарға ризашылығымды білдіремін».
Сайит Юсуф: «Жерорта теңізінің шуағы түркі әлемінің мәдени мұрасымен тоғысты»
ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф та осынау марапатқа лайық деп танылғанына қуанышын білдіріп, былай атап өтті.
«Жерорта теңізінің бауырмал рухын түркі әлемінің терең мәдени мұрасымен ұштастырған бұл шара өнердің шекара танымайтынын бір мәрте дәлелдеді. Бізді осы бір маңызды марапатқа лайық деп тапқан қазылар алқасына, «Tiyatro Gazetesi» басылымына және театр өнерін өркендетуге көңіл бөлген барша өнерсүйер қауымға шын жүректен алғыс айтамын».
Қаланың брендке айналуы үшін өнер мен мәдениет ауадай қажет
Салтанатты шараны ұйымдастырған Кепез әкімдігінің басшысы Месут Коджагөз де өз сөзінде өнер мен мәдени құндылықтардың біріктіруші күшіне тоқталды. Муниципалдық қызметті тек физикалық инфрақұрылыммен шектемейтіндерін, қаланың шынайы мазмұнға ие болып, брендке айналуы үшін мәдениет пен өнердің рөлі зор екенін айтқан Коджагөз ортақ сахналар қалыптастыру төңірегінде мынадай ой түйді:
«Біз бұл жерге осы мақсатта жиналдық. Бұл мәдени тоғысу жаңа жолдар мен мүмкіндіктерге есік ашады. Өнер кездесулерінің орталығына айналу бағытындағы жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз. Кепезде өнер үнінің асқақтауына, мәдени кеңістігіміз бен Жерорта теңізі сахналарын жақындата түсуге күш саламыз. Сахна шымылдығымыз әрдайым ашық, өнер шырағы әрқашан жарық болсын. Біз ешқашан өнерге «жоқ» демейміз».
Гала-кеш марапат иелері мен протокол өкілдерінің қатысуымен түсірілген естелік суретпен аяқталды.