Түркі әлемі өнер университеттері бірлігі бірнеше шешім шығарды
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының бастамасымен құрылған Түркі әлемі өнер университеттері бірлігінің VI отырысында 2027 жылы ортақ музейін жәнеТҮРКСОЙ Жастар оркестрін құру, театр фестивальдерін ұйымдастыру жайы талқыланды.
Түркі әлемі өнер университеттері бірлігінің VI отырысы 2026 жылдың 16 қарашасында Анкара музыка және көркемөнер университетінде өтті. Бірліктің төрағасы әрі университет ректоры Гүлчин Яхя Качардың басшылығымен өткен жиынға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев пен мүше университеттердің басшылары қатысты.
Жиналыстан кейін әзірленген Анкара қорытынды декларациясында түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын қорғау, көркем білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жас өнерпаздарды ортақ жобаларда тоғыстыруға бағытталған жобалар сөз болды.
Ортақ музей құрылып, театр фестивальдері өтеді
Декларацияда ортақ музей құру ісі және дәстүрлі музыка аспаптарын оқу бағдарламаларына енгізу жайы мақұлданды. Театр фестивальдерін мүше университеттер арасында кезек-кезегімен ұйымдастыру және ТҮРКСОЙ 2027 жылы Жастар оркестрінің жұмысын бастау жайы да талқыланды.
Университеттердің таныстыру жұмыстарын қолдау мақсатында ортақ цифрлық ақпарат платформасы мен өнер туындыларын бір арнаға тоғыстыратын таныстыру мұрағатын құру мүмкіндіктері қарастырылады.
Түркі әлемінің жас таланттары фестивалінің 2027 жылы 19 мамыр – Ататүркті еске алу, жастар және спорт мерекесі аясында, ал түркі әлемі өнер симпозиумы мен фестивалінің 2027 жылдың қыркүйек айында өткізілуі ұйғарылды. Іс-шараларға дайындық және ынтымақтастық үдерістері төрағалықтың ұйымдастыруымен жүзеге асырылады.
Үш университеттің бірлікке мүше болу жөніндегі құжаттарына қол қойылды
Үзейір Хаджибейли атындағы Баку музыка академиясы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы және Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бірлікке мүше болу жөніндегі өтініштері оң бағаланды. Аталған үш ұйымның бірлікке қабылдануына қатысты құжаттар салтанатты түрде рәсімделді.
Төрағалық мерзімі бір жылға ұзартылды
Жиналыста Анкара музыка және көркемөнер университетінің ректоры Гүлчин Яхья Качардың төрағалық қызметі бір жылға ұзартылды. Осы мерзім ішінде бірліктің жұмыс тәртібі мен құрылтай құжаттарына қатысты ережелерді толықтай тәмәмдау ұйғарылды.
2027 жылдың мамыр айында Анкара музыка және көркемөнер университетінің ұйытқы болуымен ректорлардың онлайн жиынын өткізу бірауыздан мақұлданды. Ал бірліктің кезекті жиналысы 2027 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанда ұйымдастырылады. Төраға сайлау да осы жиында өтеді деп жоспарланды.