TÜRKSOY
3 қараша 20264 мин оқу

Стамбұлда VI «Қорқыт Ата» түркі дүниесі фильм фестивалі басталды

IMG_5564.JPEG

Стамбұлда түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасын киноның әмбебап тілімен тоғыстырған VI «Қорқыт Ата» түркі дүниесі фильм фестивалі басталды. Шараның салтанатты ашылуында Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Гөкхан Язгы мен Кино бас директоры Бирол Гүвен қатысты.

Жиында сөз алған Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев ортақ мәдениетті сақтаудағы киноның рөліне назар аударып, түркі дүниесі кинематографиясында бірлескен жобалар мен халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Раев ұйымның 2028 жылды «Шыңғыс Айтматов жылы» деп жариялайтынын сүйіншіледі.

Түркі дүниесінің түрлі аймақтарынан келген кино шеберлері, режиссерлер, продюсерлер мен сала өкілдері бас қосқан фестиваль қырғыз режиссері Қаныбек Қалматовтың ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың өмірін арқау еткен «Айтматов» фильмінің Түркиядағы премьерасымен ашылды.

Сұлтан Раев: «Кино — ортақ болашағымызды қалыптастыратын мәдени көпір»

Фестивальдің ашылуында сөз алған Сұлтан Раев «Қорқыт Ата» түркі дүниесі фильм фестивалінің мәдени ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосып отырғанын жеткізді. Ол шараның өтуіне мұрындық болған Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігіне және іс-шараға еңбек сіңірген барша серіктестерге алғыс білдірді.

Түркі дүниесінің мыңжылдық тарихы, бай мәдениеті және сансыз хикаялары бар үлкен өркениет кеңістігі екенін айтқан Раев киноның осы байлықты келешек ұрпаққа жеткізетін қуатты өнер саласы екенін атап өтті.

Сұлтан Раев өз сөзінде былай деді:

«Қорқыт Атаның ғасырлар бұрын сөзбен жаңғыртқан құндылықтары бүгін кино тілінде жаңа буынға жетіп отыр. Өйткені кино — тек өнер ғана емес, ол — мәдениетімізді сақтайтын, бір-бірімізді танып-білуге мүмкіндік беретін және ортақ болашағымызды қалыптастыратын қуатты мәдени көпір».

Фестивальдің 2021 жылы Стамбұлда басталған сапары Бурса, Шуша, Ашхабад және Ақтау қалаларынан кейін қайтадан Стамбұлға жеткенін еске салған Раев бұл үдерістің түркі дүниесі киносының бірлесе өнім шығару және халықаралық аренада берік орнығу ерік-жігерін айқын көрсететінін жеткізді.

«Мақсатымыз — оқиғаларымызды әлемдік кинода анағұрлым көрнекті ету»

Түркі дүниесі киносында ынтымақтастықтың жаңа кезеңі қажет екенін айтқан Бас хатшы Раев фестивальдің тек фильмдерді көрсетумен шектелмеуі керектігін білдірді.

Раев: «Ендігі мақсатымыз — тек фильмдерімізді бір-бірімізге көрсетумен шектелу емес, ортақ жобаларды жүзеге асыру, жас киногерлердің басын қосу және оқиғаларымызды әлемдік кинода анағұрлым көрнекті ету», — деп фестивальдің келешек пайымын ортаға салды.

Түркияда түсірілген сериалдар мен фильмдердің халықаралық табысы түркі дүниесі үшін маңызды тәжірибе екеніне тоқталған Раев бұл жинақталған тәжірибені елдер арасында бөлісу және жас киногерлерге бағыт-бағдар беру жаңа жетістіктерге жол ашатынын айтты.

Фестиваль аясында жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың кино болашағына тигізер әсері де талқыланатынын бағалаған Раев технологиялық дамуға қарамастан, киноның өзегінде әрқашан адам және оның тағдыры тұратынын атап өтті.

Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымынан сүйінші: 2028 жыл «Шыңғыс Айтматов жылы» болады

Фестивальдің Шыңғыс Айтматовтың өмірін арқау еткен туындымен ашылуының ерекше мәні бар екенін айтқан Сұлтан Раев ұлы жазушының тек Қырғызстанның ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ мәдени құндылығы екенін білдірді.

«Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн» сияқты шығармаларымен адамның ар-ожданын, салт-дәстүрі мен ой санасына қалам тербеген Айтматовтың әдеби мұрасын келешек ұрпаққа аманаттау ортақ жауапкершілік екенін баса айтқан Раев маңызды жаңалықты жеткізді:

«Осы ұлы мұраны келешек ұрпаққа жеткізу — баршамыздың міндетіміз. Осы орайда Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы ретінде заңғар жазушымыздың 100 жылдық мерейтойына орай 2028 жылды «Шыңғыс Айтматов жылы» деп жариялайтынымызды сүйіншілегім келеді».

56 фильм, 30 үміткер және халықаралық кино кездесулері

2026 жылдың 3-7 қарашасы аралығында өтетін фестиваль аясында түркі дүниесінің түрлі елдерінен келген 56 фильм көрерменге жол тартады. Толықметражды көркем фильм, деректі фильм және қысқаметражды фильм номинациялары бойынша өнер көрсететін 30 туынды жүлдеге таласады.

Стамбұлда түрлі кинотеатрларында тегін ұсынылатын көрсетілімдермен қатар, фестиваль кино саласының болашағына арналған маңызды кездесулерге де ұйытқы болады.

Бағдарлама шеңберінде түркі дүниесі кино саммиті, халықаралық ортақ жобалар бойынша келіссөздер, жаңа фильм жобаларын қолдау бағдарламалары мен кинодағы жасанды интеллекттің болашағына арналған панельдік пікірталастар ұйымдастырылады.

150-ден астам әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар, Түркиядан 300-ге жуық сала мамандары мен академиктер қатысуы жоспарланған бұл фестиваль түркі дүниесі киносының өндірістік әрі ынтымақтастық әлеуетін арттыруға үлес қосады.

Қорқыт Ата батасымен аяқталған мағыналы түйін

Сөзінің соңында фестивальдің символы саналатын, алысты жақындатып, қашықтық еңсеретін тырна құстың сапарына тоқталған Раев түркі дүниесі киносының да ортақ тарихымыз бен хикаяларымызды әлемге танытуын тіледі.

Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Түркі Мемлекеттері ұйымының XIII саммитіндегі сөзін Қорқыт Атаның  батасымен аяқтағанын еске салып, аты осынау ұлы абызбен байланысты фестивальде Сұлтан Раев да сол батамен сөзін түйіндеді:

«Қара тауларың құламасын, көлеңкелі бәйтерегің кесілмесін, тасып аққан кәусар суың сарқылмасын... Қадірлі Мәулем сені жауға мұқтаж етпесін».

Түркі дүниесі киносының халықаралық беделін арттыруды, жаңа ортақ жобаларды ынталандыруды және киногерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат еткен  «VI Қорқыт Ата» түркі дүниесі фильм фестивалі 2026 жылдың 7 қарашасында Cтамбұлдағы Ататүрік мәдениет орталығында (AKM) өтетін марапаттау рәсімімен мәресіне жетеді.

Медиа галереясы

(1)

Бізге жазылыңыз

Twitter / XYouTubeFacebookLinkedInInstagram
Бізбен байланыс

Мекен-жайымыз:
Ферит Реджаи Ертұғрыл көшесі 8
Oр-Ан AНКАРA/TҮРКИЯ

Байланыс нөмірі және факс мекен-жайы
T: +90 (312) 491 01 00 (pbx)
F: +90 (312) 491 01 11

Электронды мекен-жайымыз:
turksoy@turksoy.org

© 2026 TÜRKSOY — Барлық құқық сақталған