«Аттар биі: ояну оты»: Анкарада түркі мемлекеттерінің көшбасшылары арнайы қойылымға қатысты
Анкарада 2026 жылдың 29 қазанында Түркі Мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XIII Саммиті аясында «Аттар биі: Өрлеу оты» (Diriliş Ateşi) атты шоу-қойылым өтті.
Президенттік кешен құрамындағы «Малазгирт» көрме-өнер орталығында ұйымдастырылған бағдарламаға Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған және Саммитке байланысты Анкарада жүрген Түркі мемлекеттерінің көшбасшылары мен жоғары деңгейдегі билік өкілдері қатысты.
Түркілердің Орта Азиядан Анадолыға дейінгі тарихи сапарын арқау еткен бұл қойылымда түркі әлемінің тамыры терең мәдени мұрасы, ортақ тарихы мен дәстүрлері сахналанды.
Шараға қатысқан ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Мемлекет басшылары үшін арнайы дайындалған бұл шоуды өте жоғары бағалап, өнерпаздарға ризашылығын білдірді.
Бас хатшы Сұлтан Раев: «Таңертең ертемен Сыртқы істер министрлерімен кездестік. Ертеңгі Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Саммит алдында барлық көшбасшымыздың басын қосқан бұл арнайы шара үлкен қошеметке бөленді. Ұйымдастырушылар мен өнерпаздарды шын жүректен құттықтаймын. Түркістаннан Анадолыға дейінгі тарихи жолымыз, аттың түркі мәдениетіндегі айрықша орны және халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген құндылықтары осы бір мазмұнды қойылым арқылы қайта жанданды. ТҮРКСОЙ ретінде ортақ мәдени мұрамызды сақтауды, дәріптеуді және болашақ ұрпаққа жеткізуді ең басты жауапкершіліктеріміздің бірі деп білеміз. Осы бір ғажап жүздесуге себеп болған Түркия Республикасына алғысымды білдіремін, сондай-ақ «Түркі ғасыры: тілде, пікірде, істе бірлік» қағидасының мәдениет пен өнер саласындағы ортақ жұмыстарымызбен бұдан да ары нығая түсуін тілеймін», – деді.