Сұлтан Раев ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев бастаған делегация мүшелері Түркі Мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XIII Саммиті аясында Анкарада өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты. Сұлтан Раев отырыста сөйлеген сөзінде түркі әлеміндегі мәдени ынтымақтастықты дамытуға және ұйымның институционалдық құрылымын нығайтуға бағытталған жұмыстарға назар аударды.
2026 жылдың 29 қазанында Президент кешенінде Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның басқаруысмен өткен отырысқа ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің өкілдері, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ынтымақтастық ұйымдарының жоғары деңгейдегі басшылары қатысты.
Қатысушыларға қарата сөз сөйлеген Бас хатшы Сұлтан Раев 29 қазан – Республика күнімен құттықтап, қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Республикасына алғысын білдірді. Саммит өтіп жатқан «Түркі ғасыры: тілде, пікірде, істе бірлік» тақырыбы ТҮРКСОЙ-дың отыз жылдан астам уақыттан бері жүргізіп келе жатқан мәдени ынтымақтастығының басты қағидасын айшықтайтынын атап өткен Сұлтан Раев, Исмаил Гаспралы негізін қалаған бірлік идеясы бүгінде де түркі әлеміндегі ортақ жұмыстарға бағыт-бағдар беріп отырғанын білдірді.
Ұйымның мәдениет пен өнер саласындағы қызметіне тоқталған Сұлтан Раев түркі әлемінің мәдени астанасы бағдарламасы аясында 2026 жылы Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткізілген шараларды еске салып, 2027 жылы бұл мәртебенің Кайсери қаласына өткенін және барлық қатысушыны осы қалада өтетін шараларға арнайы шақырды. Түркия Республикасының ұсынысымен жарияланған «2026 жыл – Зия Гөкалыпты еске алу жылы» аясында атқарылған жұмыстарға да тоқталған ол ұлы ойшылдың туғанына 150 жыл толуына орай түркі әлемінің ортақ бірегейлігі мен бірлігі идеясына қосқан үлесі тағы бір мәрте ұлықталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Сұлтан Раев 2028 жылы Шыңғыс Айтматовтың туғанына 100 жыл толуын ортақ жобалар арқылы халықаралық деңгейде атап өтуді мақсат етіп отырғандарын жеткізді.
Сөзінде ұйымның институционалдық дамуына да тоқталған Бас хатшы 2025 жылы Әзербайжанның Ғабала қаласында өткен ТМҰ XII Саммитінде Мемлекет басшылары тарапынан ортаға қойылған ТҮРКСОЙ-ды дамыту мен нығайтуға бағытталған саяси ерік-жігердің ұйым болашағы үшін маңызы зор екенін баса айтты. Осы бағытта ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің шешімдері шеңберінде мүше елдердің тиісті мекемелерімен кеңесулер жүргізіліп жатқанын білдірген СұлтанРаев Түркі мемлекеттері ынтымақтастық ұйымдарымен тығыз координацияда жұмыс істеуге басымдық беретіндерін атап өтті.
Саммит тақырыбындағы «істе бірлік» қағидасына назар аударған Сұлтан Раев: «Мақсатымыз — ортақ идеяларымызды нақты жұмыстарға және өміршең туындыларға айналдыру», — деді.
Саммитке қатысқан ТҮРКСОЙ делегациясының мүшелері арасында Бас хатшының орынбасары Сайит Юсуф пен ұйымдағы департамент басшысы Салим Эзер де болды.
Түркі мемлекеттерінің көшбасшылары 34 жылдан кейін қайтадан Анкарада бас қосады
Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші Саммиті 2026 жылдың 30 қазанында Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның үй иелігімен Анкарада өтеді.
Түркітілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы Саммиті 1992 жылы Анкарада өткеннен кейін араға 34 жыл салып, Түркі мемлекеттерінің көшбасшылары «түркі ғасыры: Тілде, пікірде, істе бірлік» тақырыбымен Анкарада қайта бас қосады.
Саммитте Түркі мемлекеттері арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту, ортақ жобаларды нығайту және түркі әлемінің болашағына арналған стратегиялық басымдықтар талқыланады деп күтілуде. Саммит аясында Анкара декларациясын және ұйымның институционалдық дамуына бағытталған бірқатар шешімдерді қабылдау жоспарланған.