Анкарада өзбек әдебиетінің екі бірдей тұлғасының шығармалары дәріптелді
Анкарада Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы ұйымдастыруымен заманауи өзбек әдебиетінің екі заңғар тұлғасы – Өзбекстан халық ақындары Эркин Вахидов пен Абдулла Ариповтың шығармалары таныстырылды. Президенттік ұлттық кітапханада ұйымдастырылған бұл шарада Эркин Вахидовтың 90 жылдығына орай түрік тіліне аударылған «Сөз сұлулығы» (Söz Letafeti) және Абдулла Ариповтың 85 жылдық мерейтойына арналып дайындалған «Тандамалы шығармалар» (Seçmeler) атты кітаптардың таныстырылымы өтті.
Таныстырылым фильмдері көрсетілгеннен кейін ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевқа сөз берілді. Әдебиет пен кітап мәдениеті халықтар арасындағы шекара танымайтын ең берік рухани көпір екенін атап өткен С. Раев: «Өзбекстанда Мәртебелі Президент Шавкат Мирзиёев тарапынан әдебиет пен кітап мәдениетіне айрықша мән беріліп отыр. Бұл – өнеге алуға тұрарлық әрі қолдауға лайық бастама», – деп, Өзбекстанның әдеби мұраны ұлықтауын жоғары бағалайтынын білдірді.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтан кейін сөз алған Өзбекстан Республикасының Анкарадағы Төтенше және өкілетті Елшісі Илхом Хайдаров шараның терең маңызына тоқталды. Елші Хайдаров өз сөзінде: «Әдебиет пен кітапқа деген сүйіспеншілік – халықтар арасындағы шекара білмейтін ең берік рухани көпір», – дей отырып, Өзбекстанның осы екі ардақты Қаһарманының шығармаларын таныстыру бағдарламасында меймандарды қарсы алу өзі үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш екенін жеткізді.
Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Минхожиддин Мирзо өз сөзінде Вахидов пен Ариповтың ХХ ғасырдың күрделі кезеңдерінде де ұлттық бірегейлік пен тәуелсіздік идеалдарынан таймағанын атап өтті. М. Мирзо ұлы ақындардың азаттық рухындағы поэзиясы мен шығармалары Өзбекстан тәуелсіздігінің рухани негізін қалауда өте берік тұғыр болғанын баса айтты.
Өзбекстанның халық ақыны Усмон Азим мінберге көтеріліп, әдебиет – халықтың жан дүниесін көрсететін ең маңызды айна екенін білдірді. У. Азим бұл екі қылқалам шеберінің тек өзбек әдебиетінде ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ сезім әлемінде ойып тұрып орын алатынын айтып, олардың мұрасын келешек ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына назар аударды.
Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігінің департамент бастығы Комилжон Рахимов өз сөзінде мәдени ынтымақтастықтың қуатына тоқталды. К. Рахимов абыз ақындардың шығармалары түрік тіліне аударылуы екі бауырлас ел арасындағы мәдени дипломатия мен берік байланыстарды одан әрі шыңдай түсетінін білдірді.
Самсун депутаты әрі Шыңғыс Айтматов институтының президенті Ильяс Топсақал қатысушыларға арнаған сөзінде таныстырылған кітаптардың тарихи маңызы мен мәдениеттер арасындағы берік мәдени байланыс орнатудағы ықпалына тоқталды. И. Топсақал бұл туындылардың тек әдеби байлық ұсынып қана қоймай, түрік және өзбек халықтарын рухани тұрғыда жақындастыра түсетін мәдени көпір қызметін атқаратынын атап өтті.
Панельдік бөлімде ақындардың әдеби мұрасы мен естеліктері бөлісілді
Ашылу сөздері аяқталған соң, хаттама мүшелері мен ақындардың отбасы мүшелерінің қатысуымен таныстырылымы өткен кітаптардың лентасы кесілді. Одан кейін Эркин Вахидов пен Абдулла Ариповтың әдеби мұрасына тереңірек үңілуге арналған панельдік бөлімге кезек берілді. Панельде Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Гайрат Мажид, Гази университетінен Фатма Ачык және Анкара Йылдырым Беязит университетінен Яшар Токай ақындардың өмірі, шығармашылығы мен ой-толғамдары төңірегінде ауқымды ғылыми баға берді.
Бағдарламада ақындардың отбасы мүшелері де сөз сөйлеп, қатысушыларға тебіреністі сәттер сыйлады. Абдулла Ариповтың ардақты жары Ханифа Мустафаева мен Эркин Вахидовтың ұлы Хуршид Вахидов ұлы тұлғалар туралы жүрекжарды естеліктерімен залдағы әдебиетсүйер қауыммен бөлісті.
Залдың орта (вестибюль) бөлігінде ақындардың өмір жолы мен әдеби сапарынан сыр шертетін фотокөрме де келушілер назарына ұсынылды. Шара баяндамашыларға алғыс тақташаларын (плакет) тапсыру және отбасы мүшелерімен бірге естекілікке фотоға түсумен аяқталды.