TÜRKSOY
13 қазан 20262 мин оқу

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдық мерейтойына қатысты

DSC03644_resized

Атырауда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы әрі драматург Рахымжан Отарбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті. «Рахымжан Отарбаевтың мұрасы: ұлттық әдебиет, тарихи сана және рухани сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен «III Халықаралық Рахымжан Отарбаев театр фестиваліне» ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы қатысты.

«Отарбаев – түркі әлемінің ортақ құндылығы»

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен ғылыми конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамуратов жазушы шығармаларында халықтың тарихи түсінігі мен отансүйгіштікке өрілгенін баса айтты.

Конференцияда сөз алған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Рахымжан Отарбаевтың тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін ортақ әдеби тұлға екеніне тоқталды. Жазушымен Кеңес Одағы дәуірінде Мәскеуде басталған, өмір бойына созылған достық қарым-қатынасы туралы айтқан Раев естеліктерімен былайша бөлісті: 

«Рахымжан екеуміздің достығымыз, рухани сырластығымыз сонау Мәскеу төрінде, Кеңес заманының екі жылда бір өтетін СССР Жазушылар одағының жас жазушылар кеңес-семинарында басталған еді. Одақтас республикалардан ең таңдаулы, талантты ақын-жазушылар жиналған сонау жиында Қазақстаннан келген ұзын шашты, келбеті келісті, бойында ерекше сымбаты мен сыры бар жас қаламгердің болмысы бірден баурап алды. Ол – Рахымжан Отарбаев еді».

Отарбаевтың Қырғызстандағы Қазақстан Елшілігінде мәдениет атташесі болып қызмет атқарған кезеңін де еске алған Раев жазушының мәдени дипломатия саласындағы еңбегі арқылы екі бауырлас ел арасындағы рухани алтын көпірді қалай нығайтқанын баяндады.

«Бас» романы қырғыз тіліне аударылды

Әлемнің түкпір түкпірінен келген ғалымдар, әдебиетшілер және Отарбаевтың ұлы Ермерей Отарбаев қатысқан конференцияның ең елеулі сәттерінің бірі – жазушының «Бас» романының қырғыз тіліндегі аудармасының таныстырылымы болды. Қырғыз зерттеушісі Болотбек Таштаналиев аударған бұл туынды түркі әлемінің оқырмандарына жетіп отыр. Шара аясында, сонымен қатар, шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталып, Атырау және Павлодар университеттерінің журналистика факультетінде оқитын үздік студенттерге «Рахымжан Отарбаев атындағы арнайы шәкіртақы» тағайындалды. 

Түркі әлемі Атырау сахнасында тоғысты

Еске алу шаралары ғылыми конференциямен шектелмей, театр сахнасында да жалғасын тапты. 12-16 қазан аралығында Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрында «III Халықаралық Рахымжан Отарбаев театр фестивалі» өз шымылдығын ашты. Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақстаннан жалпы 11 театр ұжымы қатысқан фестивальде көрнекті жазушының ұмытылмас шығармалары желісімен сахналанған қойылымдар өнерсүйер қауымға жол тартты. Бұл шара сахна өнері арқылы түркі әлемі елдері арасындағы әдеби және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуды мақсат етеді.

Бас хатшы Сұлтан Раев сөзін заңғар жазушыға арнаған мынадай тебіреністі сауалымен аяқтады:

«Қаламгер әдебиет пен мәдениет саласында тынбай еңбек етіп, халықтың мұңын, елдің сөзін өз басының мүддесінен қашан да жоғары қойды. Ол Атырау өңірінің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің арда азаматы, Шалкиіздер мен Махамбеттерден дарыған өр рухтың тұяғы екенін өзінің шоқтығы биік туындыларымен дәлелдеп кетті. «Ақ қағаздың бетіне көңілінің кірін төкпей, сәулелі ойларын қалдыруды» басты мұрат тұтқан жазушы өз ісіне, арына соңына дейін адал болды.

Сегіз қырлы, бір сырлы асыл досым Рахымжан, осынау фәни дүниеден  аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққанымен, артында өшпес сөзі, мәңгілік ғұмыры қалды. Ортамызда аман-есен жүргенде биыл 70-тің төріне шығар едің... Алдың пейіш, артың кеніш болсын, асыл досым!»

 

Медиа галереясы

(18)

Бізге жазылыңыз

Twitter / XYouTubeFacebookLinkedInInstagram
Бізбен байланыс

Мекен-жайымыз:
Ферит Реджаи Ертұғрыл көшесі 8
Oр-Ан AНКАРA/TҮРКИЯ

Байланыс нөмірі және факс мекен-жайы
T: +90 (312) 491 01 00 (pbx)
F: +90 (312) 491 01 11

Электронды мекен-жайымыз:
turksoy@turksoy.org

© 2026 TÜRKSOY — Барлық құқық сақталған