Трабзонда III ТҮРКСОЙ Жастар кездесуі басталды
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы және Трабзон әкімдігінің ұйымдастыруымен «III ТҮРКСОЙ Жастар кездесуі» басталды. Түркі әлемі жастарының басын қосқан шараға әлемнің түкпір түкпірінен 150 қатысып жатыр.
Гамамизаде Ихсан Бей мәдениет және өнер орталығында өткен асалтанатты ашылуда Трабзон облыстық әкімі Тахир Шахин, Қырғызстанның Анкарадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Руслан Қазақбаев, Трабзон қаласының басшысы Ахмет Метин Генч, Трабзон университетінің ректоры Эмин Ашыққұтлу, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф, ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері және түркі әлемінен келген жастар қатысты.
Жиынның ашылуында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф Балқан түбегінен Моңғолияға дейінгі ұлан-ғайыр жерден келген жас көшбасшылардың осы ұйымда тоғысқанын атап өтті. Ол түркілердің өркениет құрған халық екенін баса айтып, жастардың бұл мұраны болашаққа жеткізуі керектігін айтты.
Трабзон басшысы Ахмет Метин Генч 21 елден келген жастарды қабылдау үлкен мәртебе екенін айтып, жастардың «Тілде, пікірде, баста бірлік» ұранымен ортақ болашақты құратынын тиек етті.
Қырғызстанның Анкарадағы Елшісі Қазақбаев Қырғызстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 35 жылдығына назар аударып, жастар түркі әлемі болашағының кепілі екенін атап өтті. Ал Трабзон уәлиі Шахин ортақ тіл мен рухани құндылықтардың біріктіруші күшіне тоқталды.
Шенол Гүнеш жастармен кездесті
Ашылу бағдарламасынан кейін Түркия ұлттық футбол құрамасының бұрынғы бас бапкері Шенол Гүнеш шақырылған спикер ретінде жастарға өз тәжірибесі жайлы айтты.
Кездесу аясында ұйымдастырылған отырыстарда мәдени түсінік пен жасанды интеллект мәселелері талқыланып, «Еркін мінбер» бөлімінде жастар өз жобалары мен мәдениет, медиа, бейбітшілік төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Мәдени бағдарлама шеңберінде Сүмела монастырі, Аясофья мешіті және Ататүрік сарайын аралаған жастар іс-шараның жалғасында шай фабрикасы, Дурсун Али Инан музейі мен Ұзынгөлді (Uzungöl) тамашалайды. Шара 21 қазанға дейін жалғасады.