TÜRKSOY
19 қазан 20262 мин оқу

Әндіжанда түркі әлемі театр басшылары бас қосты

WhatsApp Image 2026-10-19 at 23.13.46

Өзбекстанның Әндіжан қаласында IV ТҮРКСОЙ Халықаралық театр фестивалі аясында «Түркі әлемі театр басшыларының кездесуі» өтті. Түркі әлемі театрларының интеграциясы, ортақ жобалар мен мәдени ынтымақтастық мәселелері қаралған жиында ортақ цифрлық платформа мен жазғы мектеп жайы талқыланды. 

Кемал Гөздің модераторлығымен өткен жиынға Өзбекстан Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Нодирбек Сайфуллаев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Өзбекстан Мәдениет министрлігі Театр бөлімінің басшысы Отабек Джураев, сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген театр директорлары, көркемдік жетекшілер мен халықаралық қазылар алқасының мүшелері қатысты.

Кездесудің ашылу сөзін сөйлеген Өзбекстан Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Нодирбек Сайфуллаев Өзбекстан Президентінің пайымы мен Әндіжанның «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жариялануы арқылы шаһардың тарихи миссия жүктегенін баса айтты. Төртінші рет ұйымдастырылып отырған бұл халықаралық фестивальге қатысу үлкен мәртебе әрі мақтаныш екенін жеткізген Сайфуллаев жыл бойы ТҮРКСОЙ шаңырағы астында қалада көптеген рухани, әдеби және шығармашылық-мәдени шаралардың табысты жүзеге асқанын еске салды. Ол фестивальдің тек театр қойылымдары көрсетілетін алаң ғана емес, мәдениет пен өнер саласындағы ортақ мәселелерге шешім іздейтін, жобалар әзірлейтін көпжақты ынтымақтастық платформасы екенін атап өтіп, Өзбекстан Республикасы атынан барша қатысушыларға алғыс білдірді.

Раевтан «Интеграция, ұлттық эстетика және әлемге танылу» үндеуі

Сайфуллаевтан кейін сөз алған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев түркі әлемі театрларының қазіргі жағдайына қатысты маңызды пікір білдірді. Мүше елдердің 30 жылдық тәуелсіздік кезеңіне қарамастан, театрлардың әлі де бір-бірінен жеткілікті түрде хабардар еместігін айтқан Раев: «Жылдар бойы театрларымыз бір-бірін көре де, тәжірибе бөлісе де алмады. Кай театрда қандай өнер процесі жүріп жатқанын білмейтінбіз. ТҮРКСОЙ ретінде бұл фестивальді театрларымыздың бір-бірін танып-білуі, ықпалдасуы және өзара тәжірибе алмасуы үшін арнайы алаң ретінде құрдық», – деді.

Сөзінде тіларалық қарым-қатынас мәселесіне де шынайы тоқталған Раев қатысушылардың өз ана тілдерінде (қырғыз, қазақ, түрікмен т.б.) еркін сөйлесіп, түсінісе алуы іс жүзінде табиғи «ортақ түркі тілі» тәжірибесінің жарқын көрінісі екенін жеткізді.

Театрдың ұлттың жүзі мен мәдени айнасы екенін баса айтқан Раев: «Түркі әлемі театрларының өзіндік дара келбеті мен эстетикасы болуы тиіс. Мақсатымыз – өзіміздің ұлттық әрі классикалық драматургиямызды Еуропаға және күллі әлемге таныту», – деді. Сондай-ақ Раев театрдың қоғамдық рөліне назар аударып, жаңа ұрпақ бойына отбасы, адалдық пен шыншылдық сияқты ұлттық құндылықтарды сахна өнері арқылы дарыту басты міндет екенін айтты.

Әзербайжаннан «Цифрлық платформа», Қазақстаннан «Театр журналы» ұсынысы

Жиын барысында сөз алған Әзербайжан Мемлекеттік пантомима театрының директоры Ярмаммед Құрбанов түркі әлеміндегі барлық театр өз қойылымдары мен жобаларын, байланыс мәліметтерін бөлісе алатын ортақ электронды платформа құруды ұсынды.

Ал Қазақстаннан келген қазылар алқасының мүшесі, театр сыншысы Бейбіт Бақтыгереев театрлардың бір-бірінен хабардар болуы үшін ТҮРКСОЙ жанынан «Театр журналы мен альманағын» шығаруды ұсынды. Сонымен бірге ол фестивальдерді тек қойылымдар көрсететін алаңмен шектемей, техникалық мамандар мен жас режиссерлерге арналған шеберлік зертханаларына айналдыру қажеттігін атап өтті.

Зарылық Таласбек уулу: «Халықаралық түркі әлемі жазғы театр мектебі құрылсын»

Қырғызстанның Шыңғыс Айтматов атындағы Ош жастар театрының директоры Зарылық Таласбек уулу мүше елдердің жас әрі кәсіби актерлерін біріктіретін «Халықаралық түркі әлемі жазғы театр мектебін» құруды ұсынды. Жоба бойынша, әр елден таңдалған режиссерлер бауырлас халықтардан құралған аралас ұжымдармен бірге ортақ қойылымдар дайындайды. Таласбек уулу бұл оқу-жаттығу лагерінің алғашқы кезеңдерінің бірін Ош қаласында өткізуге дайын екендіктерін білдірді.

Кездесу ұсынылған жобаларды есепке алып, бағалау және фестиваль ұсынған мәдени ықпалдастық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану шешімімен аяқталды.

Медиа галереясы

(9)

Бізге жазылыңыз

Twitter / XYouTubeFacebookLinkedInInstagram
Бізбен байланыс

Мекен-жайымыз:
Ферит Реджаи Ертұғрыл көшесі 8
Oр-Ан AНКАРA/TҮРКИЯ

Байланыс нөмірі және факс мекен-жайы
T: +90 (312) 491 01 00 (pbx)
F: +90 (312) 491 01 11

Электронды мекен-жайымыз:
turksoy@turksoy.org

© 2026 TÜRKSOY — Барлық құқық сақталған