Әндіжанда ТҮРКСОЙ Жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің 8-отырысы қорытындыланды
2026 жылдың 26-27 қараша күндері 2026 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы — Әндіжан қаласында Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің 8-отырысы өтті. Жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстан делегациялары мен ТҮРКСОЙ Бас хатшылығының өкілдері қатысты.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев отырыста жоғары лауазымды тұлғаларға арнап құттықтау сөз сөйледі.
Екі күнге созылған келіссөздер барысында Тұрақты кеңестің күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер мен құжаттардың жобалары қаралды. Комитет мүшелері Әндіжанның мәдени астана мәртебесі аясында жыл бойы атқарылған іс-шараларды қорытындылады. Сондай-ақ мүше елдердің алдағы кезеңде мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық салаларында бірлесіп жүзеге асыратын жобалары талқыланды.
Отырысқа Әзербайжан тарапынан Мәдениет министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің маманы Мүслім Елекберов, Қазақстаннан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ақниет Нұғманова мен Талғат Кетебаев, Қырғызстаннан Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі Сыртқы байланыстар және инвестициялар басқармасының бастығы Нұсыбалы Жақыпбеков қатысты.
Қабылдаушы тарап — Өзбекстан делегациясының құрамында Мәдениет министрлігі Сыртқы байланыстар және бағалау басқармасының бастығы Сарвар Фозилжонов пен Сыртқы істер министрлігі Өңірлік ұйымдармен ынтымақтастық басқармасының бірінші хатшысы Бобур Тагаев болды.
Түркия делегациясының құрамында Сыртқы істер министрлігі Түркі әлемі ұйымдары мен қандастар, туыстас қауымдастықтар бас директорының орынбасары, Елші Бирей Йылмазсой, осы бөлімнің бас хатшысы Рабиа Ераслан және Мәдениет және туризм министрлігі ЕО және сыртқы байланыстар департаментінің мәдениет және туризм жөніндегі маманы Мұстафа Өзсой қатысты. Түрікменстан атынан Мәдениет министрінің кеңесшісі Дөвран Адыев өкілдік етті.
ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 43-отырысы 28 қарашада Әндіжанда мүше елдердің мәдениет министрлерінің қатысуымен өтеді.