― 19 октября 2025 г.
«XVIII Халықаралық Каспий поэзия кештері» атты шара түркі әлемінің мәдени көпірін нығайта түсті
Түркі әлемінің мәдени бірлігін, ортақ әдеби мұрасын және бауырластық байланыстарын нығайтқан «XVIII Халықаралық Каспий поэзия кештері» атты шара арнайы көрме ашылуымен өз мәресіне жетті. Халық билері, мәнерлеп оқу және музыкалық көріністерден тұратын шара қатысушыларға ұмытылмас кеш сыйлады.
Бағдарлама мемлекеттік әнұран және бір минуттық үнсіздікпен басталды. Кейін түркі дүниесінен келген ұжымдар сахнадағы ерекше билерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ердоған: Мәдени мұраны жеткізудегі басты нысана – жастар
Дүниежүзілік Этноспорт Конфедерациясының Төрағасы және Садақшылар Қоры Кеңесінің мүшесі Билал Ердоған 28 жылдан бері үзіліссіз өтіп келе жатқан шараның маңызына назар аударды:
«Көне құндылықтар ұмыт бола бастаған алмағайып заманда Элазиг секілді мәдениет орталығында бұл шараның 28-рет ұйымдастырылуы аса өте маңызды. Жүсіп Баласағұнның ілімі — әрі түркі, әрі ислам дүниесіне жол көрсететін мұра. Түркі дүниесінің жүрегінде орналасқан Түркия — осы мәдени бірліктің кіндігі. Жастарымыздың мыңжылдық бай мұрамызды ұғынуы — болашағымыздың кепілі», — деді ол.
Ердоған түркі дүниесінің тарих бойы ортақ өркениет санасымен байланысып келгенін атап өтіп, «Алтайдан Каспийге, Ыстықкөлден Анадолыға дейін созылған бұл байланыс — бізді ғасырлар бойы біріктіріп тұрған ең мықты құндылық», —деді.
Зорлу: «Түркі дүниесі барлық салада ынтымақтастық орнатады»
Әділет және даму партиясы (АК партия) төрағасының орынбасары Күршад Зорлу, Президент Режеп Тайып Ердоғанның жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан «Түркі дүниесінің ғасыры» тұжырымдамасына тоқталып: «Бұл ғасыр — түркі дүниесі барлық салада ынтымақтастық орнататын кезең болады. Жүректер арасында көпір орнатудың жолы — Каспий поэзия кештері секілді шараларда», — деді.
Мумджу: «Мәдениет, өнер және әдебиет — түркі дүниесінің ең мықты көпірі»
Түркия Республикасы Мәдениет және туризм вице-министрі Батухан Мумджу, мәдениет пен өнердің түркі дүниесінің ең сенімді көпірі екенін айтып, былай деді:
«Біз сенеміз: мәдениет, өнер мен әдебиет — түркі дүниесінің ең мықты көпірі. Бұл көпір арқылы бауырластығымыз, бірлігіміз және көне мұрамыз болашаққа жеткізілері анық. Шараның ұйымдастырылуына үлес қосқан, алдымен құрметті әкімімізге, содан кейін қала басшымызға, Элазигтың перзенті Абдүлхади Турусқа, Фырат университетіне және барлық өнер иелеріне шын жүректен алғысымды білдіремін».
Мумджу, биылғы шараның Құтадғу Білік авторы Жүсіп Баласағұнға арналғанын еске салып: «Ол осыдан мың жыл бұрын жазған бұл еңбегімен әділеттің, даналықтың және ізгіліктің негіздерін көрсеткен. Жүсіп Баласағұнның ойлары бүгінде де бізге жол көрсетіп отыр», — деді.
Раев: «Түркі дүниесінің көне мәдениеті Каспий жағалауынан Анадолыға дейін жаңғырады»
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, шара аясында жариялаған жолдауында түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасына тоқталды:
«Каспий поэзия кештері — түркі дүниесінің жүрегін тағы бір рет поэзия, музыка және өнер тілімен бір арнаға тоғыстырған мағыналы басқосу. Каспий жағалауынан Алтайға, Ыстықкөлден Анадолыға дейін созылған бұл мәдениет көпірі — ортақ жадымыз бен бауырластығымызды болашаққа жеткізуде. Көне құндылықтарымыздан қуат алып, түркі дүниесінің өнеріне, әдебиетіне және келбетіне жанашырлық танытқан барша жанды шын жүректен құттықтаймын», — деді ол.
Хатипоғлу: «Ғылым, мәдениет және өркениет үшін ынтымақ қажет»
Элазиг облысының әкімі Нуман Хатипоғлу, түркі дүниесінде ғылым, мәдениет және өркениетті дамыту үшін ынтымақтың маңыздылығына тоқталып: «Түркі дүниесінде ғылымды, мәдениетті және өркениетті дамыту үшін бірлік болуымыз және ынтымақпен әрекет етуіміз қажет. Бұл — ортақ болашағымызды құру жолында бізге бағыт беретін қағида», — деді.
Шерифоғлу: «Біз мәдениет пен өнерді негізгі ұстаным еткен жолмен алға жылжып келеміз»
Элазиг қаласының әкімі Шахин Шерифоғлу, қалалардың тек физикалық құрылымдармен емес, мәдениет және өнермен де көркейетінін айтып:
«Қала арнайы алаңдарымен, бақтарымен көркейсе, мәдениетімен және өнерімен асқақтайды. Біз әрбір қадамымызда бұл өлкелердің рухын сақтайтын, мәдениет пен өнерді негізге алатын көзқараспен алға жылжып келеміз», — деді.
Түркі дүниесінің өнер иелері Элазигта бас қосты
Бағдарламада өнер көрсеткен түркі дүниесі халық биі ұжымдары көрермендердің зор қошеметіне ие болды. Шара соңында Элазиг облысының әкімі Нуман Хатипоғлу тарапынан Дүниежүзілік Этноспорт Конфедерациясы Төрағасы Билал Ердоғанға және Нобель сыйлығының лауреаты Әзиз Санжарщың атынан Фырат университетінің студенті Юсуф Каан Йылдырымға түркі дүниесіне қызмет көрсеткені үшін марапаттар табысталды.
Жыл сайын кең ауқымды аудиторияға жол тартатын Каспий поэзия кештері, биыл да түркі дүниесінің түрлі аймақтарынан келген өнер иелерін, халық биі ұжымдарын және жастарды біріктіріп, көрермендерге ұмытылмас кеш сыйлады.
ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен жүзеге асырылған бұл шара түркі дүниесінің ортақ тілі, мәдениеті және бауырластық байланыстарын нығайтқан маңызды кездесу ретінде Элазиг тарихында тағы бір мәрте өз орнын алды.