TÜRKSOY
8 қараша 20265 мин оқу

VI «Қорқыт Ата» түркі дүниесі кинофестивалінің марапаттары табысталды

FOT03801

Стамбұлдағы Ататүрік мәдениет орталығында VI «Қорқыт Ата» түркі әлемі кинофестивалі (Atatürk Kültür Merkezi) марапаттау рәсімімен өз мәресіне жетті. Салтанатты шарада сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев фестивальдің жаңа киножобалар өмірге келетін әрі халықаралық бірлескен өндірістер дамитын маңызды платформаға айналғанына назар аударды.

2026 жылдың 3-7 қарашасы аралығында Стамбұлда ұйымдастырылған фестивальдің жабылу салтанатына ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой, Өзбекстан Туризм комитетінің төрағасы Абдулазиз Аккулов, Өзбекстан Мәдениет министрінің орынбасары Джихангир Ахмедов, ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің кино саласының басшылары, түркі әлемінің кино жұлдыздары, режиссерлер, продюсерлер және басқа да қонақтар қатысты.

Фестиваль аясында 56 фильм көрерменге жол тартса, толықметражды көркем фильм, деректі фильм және қысқаметражды фильм номинациялары бойынша 30 туынды жүлдеге таласты.

Жабылу рәсімінде сөйлеген Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой кинематографияның түркі дүниесінің ортақ мәдени кеңістігін сақтауда және оны келешек ұрпаққа жеткізудегі рөліне тоқталды. М. Н. Ерсой фестивальдің бірлескен жобаларды көбейту, мәдени байланыстарды нығайту және түркі дүниесі киносының халықаралық деңгейде танылуын ерекше атап өтті.

Министр Ерсой: «Түркі дүниесі киносының халықаралық майданда бұдан да үлкен мәртебеге ие болуын мақсат етеміз»

Мехмет Нури Ерсой Қорқыт атаның түркі дүниесінің ортақ жадында даналықтың, сөз өнері мен жыршылық дәстүрдің символы екенін айтып, фестивальдің осы бай баяндау дәстүрін киноның әмбебап тілімен жаңғыртып отырғанын білдірді.

Кино өнерінің қоғам мәденитін сақтайтын және түрлі географиядағы адамдарды ортақ сезімге бөлейтін құрал екеніне тоқталған ол «Қорқыт Ата» түркі дүниесі кинофестивалінің бұл ортақ мұраны жаңа туындылармен байытып, мәдени байланыстарды нығайтатын маңызды платформаға айналғанын айтты.

Түркияның Түркі дүниесімен мәдени қарым-қатынастарды дамытуға ерекше мән беретінін жеткізген Ерсой Президент Режеп Тайып Ердоғанның түркі дүниесінің бірлігі мен ынтымақтастығына білдірген қолдауы мәдени серіктестікке зор қуат беріп отырғанын айтты.

Түркі дүниесінің «тілде, пікірде, істе бірлік» ұранына мәдениет пен өнер арқылы үлес қосуды басты орынға қоятындарын атап өткен министр Ерсой фестивальдің жыл сайын кең ауқымда өтуін, бірлескен туындылардың көбеюін және түркі дүниесі киносының халықаралық аренада бұдан да үлкен мәртебеге жетуін мақсат ететіндерін білдірді.

Сұлтан Раев: «Қорқыт Ата — жаңа фильмдер өмірге келетін фестиваль болуы тиіс»

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде түркі дүниесінің терең цивилизациялық мұрасы мен қуатты баяндау дәстүріне назар аударып, ғасырлар бойы сөзбен, музыкамен және әдебиетпен жасасып келген ортақ мәдени жадымыздың бүгінде киноның мүмкіндіктерімен жаңа туындыларда қайта жанданып жатқанын жеткізді.

«Қорқыт Ата» түркі дүниесі кинофестивалінің басты құндылығы — бұл ұлы мұраны тек сақтап қана қоймай, оны заманауи өнер тілімен қайта саралап, әлемдік киноға алып шығу екенін айтқан Раев марапаттардың өнерпаздар еңбегін айшықтап, оларды қанаттандыратынын және жаңа табыстарға жол ашатынын сөз етті.

Жүлде алған-алмағанына қарамастан, армандаған, жазған, түсірген және өз туындыларын көрерменге ұсынған барша кинематографистерді құттықтаған Раев: «Өйткені киноның шынайы қуаты — жаңа дүние жасау батылдығынан туындайды», — деді.

Фестивальдің келешегіне қатысты баға берген Раев биыл жүзеге асырылған Түркия–Қырғызстан жобалар таныстырылымы әлі түсірілмеген фильмдердің жарық көруі тұрғысынан маңызды қадам болғанын айтты. Жастарды продюсерлермен, бірлескен өндіріс мүмкіндіктерімен және халықаралық кино ортасымен көбірек тоғыстыру керектігін баса айтқан ол: «Қорқыт Ата — тек дайын фильмдер көрсетілетін емес, жаңа фильмдер өмірге келетін фестиваль болуы керек», — деді.

 

Фестиваль аясында ұйымдастырылған түркі дүниесі кино саммиті, кино симпозиумы мен жасанды интеллект панелінің де фестиваль болашағы үшін маңызы зор екенін айтқан Раев технологиялық дамудың киноға тигізер әсеріне де тоқталды: «Технология киноның мүмкіндіктерін өзгертуі мүмкін. Бірақ оқиғаларымыздың рухын, адамның сезімі мен мәдени түсінігін ешқандай технология жалғыз өзі жасай алмайды».

Фестивальдің түрлі қалаларда түркі дүниесінің басын қосып, алтыншы жылында өзі бастау алған Стамбұлға қайта оралғанын еске салған Раев халықаралық мәдени брендке айналу тек ауқымды кеңейтумен емес, сонымен бірге тамыр жаюмен мүмкін болатынын айтты. Стамбұлдың мәдени мұрасы, кино индустриясы мен туристік әлеуеті фестивальдің әлемге танылуына зор мүмкіндіктер беретініне назар аударды.

Түркияның кино мен телехикая саласында қол жеткізген халықаралық табыстарына тоқталған Раев бұл жетістіктердің елді танытуға, туризм қозғалысына және қалалардың брендтік құндылығына қосқан үлесін атап өтті. Мәдениет пен туризмді бір-бірін толықтыратын екі қуатты күш ретінде қарастыратын бұл тәсіл бүкіл түркі дүниесі үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын айтқан Раев Түркияның бұл саладағы тәжірибесі түркі дүниесі киносының дамуына да ықпал ететініне сенім білдірді.

Фестивальдің идеялық бастамашысы әрі ұйымдастырушысы — Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігіне және барлық серіктеске алғыс айтқан Раев Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсойдың басшылығымен Түркияның мәдениет пен туризм саласында жеткен табыстары түркі дүниесі үшін шабыт көзі екенін жеткізді.

Сұлтаев Раев сөзін Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде айтқан, «Қара тауларың құламасын, көлеңкелі бәйтерегің кесілмесін» деген жолдармен басталатын Қорқыт Атаның батасымен түйіндеді.

ТҮРКСОЙ арнайы жүлдесі Түркіменстанға бұйырды

Фестивальдің жабылу салтанатында толықметражды көркем фильм, деректі фильм және қысқаметражды фильм конкурстарында үздік шыққан туындылар мен өнерпаздар марапатталды.

Толықметражды көркем фильмдер конкурсында ТҮРКСОЙ арнайы жүлдесі Түркіменстаннан келген режиссер Вепа Ишанкулиевтің «Гүргенш аруы Төребег» (Gürgenç Güzeli Törebeg) фильміне берілді.

Конкурстың «Ең үздік фильм» жүлдесін Түркиядан режиссер Енсар Алтайдың «Канто» (Kanto) фильмі жеңіп алса, марапатты Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой табыстады.

«Ең үздік режиссер» жүлдесі Әзербайжаннан «Тағиев: мектеп» (Tağıyev: Mektep) фильміне Заур Гасымлыға, ал «Ең үздік сценарий» жүлдесі Қырғызстаннан «Жүсіп» (Yusuf) фильміне Таалайбек Күлмендеевке бұйырды.

«Ең үздік әйел рөлі» жүлдесін Башқұртстаннан «Фарзана батысқа бет алды» (Farzana Batıya Gidiyor) фильміндегі шеберлігі үшін Амина Салманова алса, «Ең үздік еркек рөлі» жүлдесін Өзбекстаннан «Парз» (Farz) фильмімен Матякуб Матчонов иеленді.

Көркем фильмдер конкурсының Жүде арнайы сыйлығына Қазақстаннан режиссер Төребек Бейсебаевтың «38: соңғы нүкте» (38: Son Nokta) туындысы лайық деп танылды.

Деректі және қысқаметражды фильм конкурстарының жеңімпаздары анықталды

Деректі фильмдер конкурсында Саха Республикасынан «Ысыах: жазғы күн тоқырауы» (Isıyah: Yaz Gün Dönümü) фильмі бірінші орынды иеленді. Семен Аманатов, Михаил Лукачевский, Сардаана Барабанова, Радомир Томский және Любовь Борисова сияқты авторлар ұсынған бұл туынды конкурстың бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Өзбекстаннан Мүмінжан Исматилланың «Өмірге құштарлық» (Hayata Susamışlık) фильмі екінші орынды, Түркиядан Тунч Боранның «Сөнбейтін алау» (Sönmeyen Ateş) фильмі үшінші орынды алды.

Деректі фильмдер конкурсының Әділ қазылар алқасының арнайы жүлдесі Әзербайжан-Түркия бірлескен өндірісі саналатын, Атакан Керкүклү режиссерлік еткен «Азых үңгірі: Әзербайжанның бесігі» (Azıh Mağarası: Azerbaycan'ın Beşiği) туындысына берілді.

Қысқаметражды фильмдер конкурсында Түркиядан режиссер Мерт Эрездің «Жолбасшы» (Rehber) фильмі бірінші орынға ие болды. Қазақстаннан Темірлан Орысбаевтың «Әже» (Büyükanne) фильмі екінші орынды, Өзбекстаннан Сухроб Кодиров пен Дильшод Усмоновтың «Күн баласы Жүсіп» (Güneş Çocuk Yusuf) туындысы үшінші орынды еншіледі.

Түркі дүниесінің туризм астанасы мәртебесі Ташкентке тапсырылды

Фестивальдің жабылу бағдарламасындаСтамбұл Мемлекеттік Симфониялық оркестрі түркі дүниесінің түрлі елдерінің шығармаларын орындады.

Сондай-ақ салтанатты рәсімде Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой мен Өзбекстан Республикасы Туризм комитетінің төрағасы Абдулазиз Аккуловтың қатысуымен түркі дүниесі туризм астанасы мәртебесін тапсыру рәсімі өтті.

2026 жылғы түркі дүниесі туризм астанасы Анкара иеленген бұл титул 2027 жылға қарай Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына ресми түрде тапсырылды.

Түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасын кино өнері арқылы жаңғыртып, түрлі аймақтардан келген кинематографистердің басын Стамбұлда қосқан VI «Қорқыт Ата» түркі дүниесі кинофестивалі жүлдегерлердің суретке түсу рәсімімен аяқталды.

Медиа галереясы

(30)

Бізге жазылыңыз

Twitter / XYouTubeFacebookLinkedInInstagram
Бізбен байланыс

Мекен-жайымыз:
Ферит Реджаи Ертұғрыл көшесі 8
Oр-Ан AНКАРA/TҮРКИЯ

Байланыс нөмірі және факс мекен-жайы
T: +90 (312) 491 01 00 (pbx)
F: +90 (312) 491 01 11

Электронды мекен-жайымыз:
turksoy@turksoy.org

© 2026 TÜRKSOY — Барлық құқық сақталған