Сайит Юсуф Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінде өткен «Түркі әлемі 2040 пайымы» панелінде баяндама жасады
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінде өткен «Түркі әлемі 2040 пайымы және жастардың рөлі» атты панельдік отырысқа спикер ретінде қатысты.
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) мен Шетелдегі түріктер және туысқан қауымдастықтар басқармасының (YTB) бірлесіп ұйымдастыруымен өткен арнайы іс-шарада түркі әлемінің ортақ болашағын қалыптастырудағы жас ұрпақтың стратегиялық рөлі талқыланды.
Панельдік отырыста сөйлеген сөзінде жастардың мәдени дипломатиядағы және ортақ мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудегі шешуші маңызына назар аударған Бас хатшының орынбасары Сайит Юсуф ТҮРКСОЙ-дың осы бағыттағы жұмыстарын әңгімеледі. Сайит Юсуф ұйым аясында жастарға арнап жүзеге асырылып жатқан болашаққа бағдарланған іс-шараларды, мәдени өзара ықпалдастықты арттыратын халықаралық жобаларды және түркі әлемі жастарын ортақ тіл, тарих пен өнер төңірегінде біріктіруді көздейтін бағдарламаларды егжей-тегжейлі таныстырып өтті.