Лакителекте түркі әлемінің ұлы тұлғалары еске алынды
Қырғыз мәдениеті күні аясында Лакителекке арнайы іссапармен жүрген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев бастаған делегация 2026 жылдың 24 қазанында «Hungarikum Liget» кешеніндегі түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мүсіндеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Мажарлармен туыстас халықтар пантеонында өткен шараға Лакителек қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Шандор Лежак, Мажарстан Парламентінің депутаты Мольнарне Лежак Анна, Қырғыз ұлттық «Манас» театрының директоры Нұрбек Талантбеков, қырғыз өнерпаздары, Түркі мемлекеттерінің Мажарстандағы елшілік өкілдері және басқа да қонақтар қатысты.
Делегаттар Низами Гәнжәви, Абай Құнанбайұлы, Саякбай Каралаев, Әлішер Науаи, Юнус Эмре және Мақтымұлы Фрагидің мүсіндеріне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетті. Түркі әлемінің әдебиеті мен мәдени өміріне бағыт-бағдар берген ұлы тұлғалардың жарқын бейнесі осылайша Мажарстанда еске алынды.
Қырғыз өнерпаздары да қатысқан бұл шарада «Манас» эпосын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде айрықша орны бар ұлы манасшы Саякбай Каралаевтың мұрасы да дәріптелді. Тағзым ету сәті Қырғыз мәдениеті күнінің ортақ мәдени түсінігін жаңғырту және оны болашақ ұрпаққа аманаттау маңызын толықтыра түсті.