TÜRKSOY
16 қараша 20264 мин оқу

Анкарада Түркі әлемі өнер университеттері бірлігінің VI отырысы өтті

WhatsApp Image 2026-11-16 at 17.37.09

2026 жылдың 16 қарашасында Анкара музыка және бейнеөнер университетінде Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының бастамасымен құрылған Түркі әлемі өнер университеттері бірлігінің VI отырысы өтті. Жиында университеттер арасындағы ынтымақтастық, мүшелікке жаңадан қосылған университеттер, бірлескен өнер жобалары және 2027 жылға арналған жұмыс жоспарлары талқыланды.

Анкара музыка және бейнеөнер университетінің ректоры және Бірліктің төрағасы Гүлчин Яхя Качардың төрағалығымен өткен жиынға Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, университет ректорлары, ғалымдар және түркі әлемінің көркем білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.

Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасынан келген делегаттар бас қосқан жиында бірліктің құрылымын нығайту, жаңа мүше оқу орындарын қабылдау, студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламалары және бірлескен өнер жобалары қарастырылды.

Министр Эрсой: «Мәдени байланыстарымызды сергек ұстау — ең басты міндетіміз»

Жиында сөз алған Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой Түркі әлемінің ортақ мұрасына назар аударып, елдер арасындағы ынтымақтастықты мәдениет пен өнер саласында да нығайту қажеттігін атап өтті.

Экономикалық әріптестік, қорғаныс саласындағы үйлестіру және халықаралық ұйымдарда бірлесе әрекет етудің маңыздылығына тоқталған Эрсой: «Елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастық, қорғаныс саласындағы берік үйлестіру, халықаралық ұйымдардағы толық өзара түсіністік аса маңызды. Алайда мәдени байланыстарымызды сергек ұстау да — ең басты басымдығымыз», — деді.

Өнер университеттерінің ортақ мәдени мұраны сақтауда зор жауапкершілік арқалайтынын жеткізген министр: «Өнер университеттеріміз мәдени түсінігімізге әсер етеді. Ұлттардың тамыры терең болуы болашаққа зор үмітпен қарауына септігін тигізеді», — деген пікір білдірді.

Бірлік аясында жүзеге асыру жоспарланып отырған Халықаралық Түркі әлемі музыка фестиваліне тоқталған Эрсой Еуропа мен АҚШ-та өткізу көзделген концерттер, панельдік отырыстар мен конференциялар түркі әлемінің музыка байлығын халықаралық деңгейде танытуға зор үлес қосатынын айтты.

Сұлтан Раев: «Университеттеріміз арасында алтын көпір орнатқымыз келеді»

Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев 2023 жылы бес жоғары оқу орнының ортақ күшімен құрылған бірліктің бүгінде түркі әлеміндегі өнер университеттерін тоғыстыратын маңызды ынтымақтастық алаңына айналғанын атап өтті

Бірліктің алдағы қызметінде нақты жобаларға басымдық беру қажеттігін баса айтқан Раев ортақ музыкалық мұраны сақтау, көркем білім беруді дамыту және жас өнерпаздарды қолдау мақсатында бес ұсыныс жасады.

Осы орайда бағлама, домбыра, қобыз және дутар сынды дәстүрлі музыка аспаптарын мүше университеттердің оқу бағдарламаларына өзара енгізуді ұсынған Раев бірлескен дәрістер мен студенттер алмасу бағдарламаларын дамыту қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар Раев Анкара музыка және көркемөнер университетінің жанынан мүше елдердің қолдауымен Түркі әлемі музыкалық аспаптары музейін ашуды ұсынды. Бұл музейдің ортақ музыкалық мұраны қорғаумен қатар, ғылыми зерттеулер мен көркем білім беру ісіне қызмет етуі көзделіп отырғанын айтты.

Қазақстанның Түркістан қаласында өтіп жүрген Түркі әлемі студентерінің театр фестивалін бірліктің бағдарламасына алып, мүше университеттер арасында кезекпен өткізуді ұсынған Раев ТҮРКСОЙ жанынан құрылған камералық оркестрдің түркі әлемі елдерін қамтитын концерттік турын ұйымдастыруды және университеттердің ТҮРКСОЙ-дың халықаралық өнер іс-шараларына белсендірек қатысуын күн тәртібіне шығарды.

Жиын аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берген Раев университеттер арасындағы ынтымақтастық тек білім беру саласымен шектелмеуі тиіс екеніне назар аударып, былай деді:

«Мақсатымыз — тек өз мәселелерімізді ғана емес, күллі түркі әлеміндегі білім беру түйткілдерін бірлесе шешу. Оқу үдерістері мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын талқылай отырып, университеттеріміз арасында алтын көпір орнатқымыз келеді».

Ортақ мәдениет пен өнер мұрасын келер ұрпаққа жеткізудегі жастардың рөліне тоқталған Раев: «Келешек ұрпаққа мәдениетіміз бен өнерімізді аманаттау, оны сақтау біз үшін аса маңызды. Жастар — түркі әлемінің болашағы. Егер «XXI ғасыр — түркі әлемінің ғасыры» дейтін болсақ, жастарға барынша қолдау көрсетуіміз керек», — деді.

Качар: «Бірлігіміздің әлемдік деңгейде танылуын көздейміз»

Анкара музыка және көркемеөнер университетінің ректоры және Бірліктің төрағасы Гүлчин Яхя Качар бірліктің институционалдық құрылымын нығайтуды және ортақ жобаларды іс жүзіне асыруды мақсат етіп отырғандарын жеткізді.

Качар: «Ендігі кезекте Түркі әлемі өнер университеттері бірлігі әлемдік деңгейде үн қататын беделді деңгейге көтерілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі жиындағы күн тәртібіндегі мәселелер аса құнды», — деді.

2027 жылға арналған жоспарларға да тоқталған Качар Анкара музыка және көркемөнер университетінің ұйытқы болуымен 19 мамыр – Ататүркті еске алу, жастар және спорт мерекесі аясында Түркі әлемінің жас таланттары фестивалін, ал қыркүйек айында Түркі әлемі өнер симпозиумы мен фестивалін өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.

Бірлікке үш жаңа университет қабылданды

Жиында бірлікке жаңа мүшелер қабылдау мәселесі де қаралды. Ректор Качардың мәліметінше, Әзербайжаннан Үзейір Хаджибейли атындағы Баку музыка академиясы, ал Қазақстаннан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті бірлік құрамына қосылды.

Сонымен қатар жиында бірліктің құрылтай, жұмыс тәртібі және ынтымақтастық туралы келісімін жаңарту және университеттер арасындағы бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Бірлік төрағасының орынбасары, Юнус Раджаби атындағы Өзбек ұлттық музыка өнері институтының ректоры Эльдор Шерманов та 2027 жылға арналған жаңа жобалар әзірленіп жатқанын атап өтіп, студенттер мен оқытушылар арасындағы әріптестікті дамытуды, бірліктің арнайы құрмет белгісін тағайындауды және ортақ музыка фестивалін өткізуді көздеп отырғандарын айтты.

Айта кетейікк, отырыстың ашылуы ретінде Анкара музыка және көркемөнер университеті оркестрінің орындауында Анадолы және Балкан өңірлерінің музыка туындылары шырқалған концерт өтті.

Түркі әлемі өнер университеттері бірлігінің VI отырысыжоспарланған жобаларды пысықтаумен қорытындыланды.

Медиа галереясы

(9)

Бізге жазылыңыз

Twitter / XYouTubeFacebookLinkedInInstagram
Бізбен байланыс

Мекен-жайымыз:
Ферит Реджаи Ертұғрыл көшесі 8
Oр-Ан AНКАРA/TҮРКИЯ

Байланыс нөмірі және факс мекен-жайы
T: +90 (312) 491 01 00 (pbx)
F: +90 (312) 491 01 11

Электронды мекен-жайымыз:
turksoy@turksoy.org

© 2026 TÜRKSOY — Барлық құқық сақталған