Әндіжанда шебер актер Алымқұл Исаков «Сағыныш» моноспектаклін сахналады
Өзбекстанның Әндіжан қаласында өтіп жатқан IV ТҮРКСОЙ Халықаралық театр фестивалі аясында Тоқтоғұл Ажыбаев атындағы Алай музыкалық драма театры сахналаған «Сағыныш» атты моноспектакль өнерсүйер қауымға жол тартты.
Қырғызстанның Халық жазушысы Қаныбек Иманалиевтің қаламынан туған бұл шығарманың режиссері — Қырғызстанның Халық артисі Ұланмырза Қарыпбаев. Қырғызстанның Халық артисі Алымқұл Исаковтың моноспектакль форматындағы шебер орындауында сахналанған бұл туынды өзінің терең де әсерлі суреттеу тәсілімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Анаға деген құрмет пен тағзымды арқау еткен қойылым ана мен бала арасындағы сүйіспеншіліктің мәңгілік екенін және адамзат баласы тек осы махаббат арқылы өмір сүре беретінін жеткізеді. Өмірдегі әкенің орны бөлек болғанымен, ұрпақты аман сақтап, өмірді жалғастыруда ана жүрегінің теңдессіз құдіреті әлдеқайда биік деген ой спектакльдің драмалық желісі арқылы көрерменге терең сипатталады.
Сахнада жалғыз өзі дараланған шебер актер Алымқұл Исаков ананың ұлы махаббаты мен жанқиярлығын шебер бейнелеген әсерлі өнерімен көрерменді баурап алып, фестиваль қонақтарына тебіреністі сәттер сыйлады.