― 7 сентября 2026 г.
«VI Көшпенділер ойындары» 65 елдің басын бір арнаға тоғыстырды
Қырғызстанда өткен «VI Көшпенділер ойындарына» 65 елден келген өнерпаздар, мәдениет қайраткерлері мен дәстүрлі өнер өкілдері бас қосты. Халықаралық және ұлттық конкурстар, этно-базар, дәстүрлі өнер көрсетілімдері мен «Қырчын» жайлауында құрылған «Көшпенділер әлемі» этно-мәдени ауылы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
VI Көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасына 3 мыңнан астам адам қатысты, олардың 430-ы шетелден келген. Шара аясында этно-би, этно-мода, вокал, қолөнер, дастан және әлем асханасы сияқты бағыттар бойынша 10 халықаралық конкурс ұйымдастырылды.
Қырғызстанның ұлттық мәдени мұрасын дәріптеуді мақсат еткен 13 ұлттық конкурс та бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі болды.
Ойындар аясында өткізілген «Бірлік керуені» іс-шарасына 1 200-ге жуық адам қатысты, олардың 400-і салт аттылар. Ал этно-базарда 26 елден келген 38 шетелдік қатысушы мен 320 жергілікті шебер өздерінің дәстүрлі бұйымдарын, қолөнер туындылары мен мәдени құндылықтарын таныстырды.
Ұйымдастыру жұмыстары БАҚ өкілдерінің де зор қызығушылығын тудырды. Ойындардан таратылатын ақпаратты барлығы 1 300 баспасөз өкілі, соның ішінде 400 жергілікті және 250 шетелдік теледидар қызметкері қадағалап отырды.
«Echo of Nomads» конкурсының жеңімпаздары белгілі болды
Мәдени бағдарламаның шоқтығы биік шараларының бірі — «Echo of Nomads» халықаралық этно-музыка конкурсында Бас жүлдені (Гран-при) Қырғызстан өкілі Нұрдолот Деркембаев жеңіп алды.
Солтүстік Македониядан келген Васил Ангелов бірінші орынды, Қазақстаннан Жасмин Тілеумбетова екінші орынды иеленді. Оңтүстік Африкадан Тами Мбата мен Вьетнамнан Нго Чау Ань үшінші орынды өзара бөлісті. Ал «Көрермендер көзайымы» арнайы жүлдесі Моңғолия өкілі Одмандах Баярааға бұйырды.
Көшпенділер мәдениетін дәріптеушілер марапатталды
«Көшпенділер мұрасы» айдарымен өткен дастаншылар конкурсында Бас жүлде Қырғызстан өкілі Нұржан Түмөнбаеваға берілді.
Сайыста Өзбекстаннан Расулбек Абдурахманов пен Ресей Федерациясы Дағыстан Республикасынан Айдун Магамедов бірінші орынды бөлісті. Корея Республикасынан Пак Сеин мен Қазақстаннан Жасұлан Есімхан екінші орын, ал Ресей Федерациясы Саха (Якутия) Республикасынан Виталий Никифоров пен Қырғызстаннан Жанат Канат уулу үшінші орынға лайық деп танылды.
Қазақстан, Алтай Республикасы, Әзербайжан және Қарақалпақстаннан келген қатысушыларға да арнайы жүлделер табыс етілді.
«Халық аспаптары» Бас жүлдесі Әзербайжанға бұйырды
«Халық аспаптары»конкурсының Бас жүлдесін Әзербайжан өкілі Мехри Асадуллаева жеңіп алды. Қырғызстаннан Бексұлтан Абдилакимов пен Үндістаннан келген «Kartikeya and Tridev Live» триосы бірінші орынға ие болды.
Тәжікстаннан Анваржон Норматов пен Қазақстанның «Кәусар» ансамблі екінші орын, Вьетнамнан Нгуен Тхи Трунг пен Қырғызстанның «Qaibar» ансамблі үшінші орын алды.
Иран, Моңғолия, Венгрия және Ресей өнерпаздарына арнайы жүлделер берілді.
Түркиядан Абдуллатиф Болатқа арнайы жүлде табысталды
«Вокалды-аспап» конкурсында Бас жүлдені Ресей Федерациясы Тува Республикасынан Дамдын Далай еншіледі.
Қырғызстаннан Данияр Абылабек уулу мен Ганадан Осей Коранкье Абена Серваа бірінші орынды, Ресейден Ирина Кискорова мен Пәкістаннан «Marifat Sufi Band» екінші орынды жеңіп алды. Қазақстаннан Бағлан Бабижан мен Өзбекстаннан Дилфуза Нұрметова үшінші орынға табан тіреді.
Сайыста Түркия атынан өнер көрсеткен өнерпаз Абдуллатиф Болат қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Жаңа Зеландия, Қырғызстан және Нидерландыдан келген қатысушылар да арнайы жүлде алғандар қатарынан көрінді.
«Қырчын» жайлауы көшпенділер мәдениетінің орталығына айналды
Қырчын жайлауында бой көтерген «Көшпенділер әлемі» этно-мәдени ауылы «VI Көшпенділер ойындары» барысында ұлттық мәдениеттер дәріптелген басты орталықтардың бірі болды.
Қырғызстанның жеті облысынан, Бішкек және Ош қалаларынан, сондай-ақ түрлі үкіметтік емес ұйымдардан жиналған 1 331 қатысушы 13 ұлттық конкурста шеберліктерін ортаға салды.
Музыка, би, қолөнер, дәстүрлі киімдер, ұлттық салт-дәстүрлер, өңірлік асхана, киіз үй басу және көшпенділердің тұрмыс-салтын қамтыған бұл сайыстар қырғыз халқының бай мәдени мұрасын бір арнаға тоғыстырды.
«Көшпенді сазы», «Би ырғағы», «Шебердің қолынан», «Дәстүрлі киімдер», «Ұлттық салт-дәстүрлер», «Көшпенді дәмдері» және «Ең үздік қырғыз боз үйі» сияқты түрлі номинациялар бойынша үздік шыққан өнерпаздар, шеберлер, ұжымдар мен аймақтар марапатталды.
«VI Көшпенділер ойындарының» мәдени бағдарламасы дәстүрлі өнерді жаңғырту, мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты нығайту және көшпенді халықтардың ортақ мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттау тұрғысынан маңызды халықаралық басқосуға айналды.
Фото: AP Photo/Vladimir Voronin