― 24 августа 2026 г.
ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы 2026 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы Әндіжанда бас қосты
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы жанынан құрылған ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының мерзімді отырысы 2026 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы – Әндіжан қаласында өтті.
Әндіжан облысы әкімдігі, Өзбекстан Мәдениет министрлігі және Өзбекстан Жазушылар одағының қолдауымен әкімдік ғимаратында ұйымдастырылған жиын түркі әлемінің түрлі елдерінен келген жазушылар одағының төрағалары, басшылары, ақын-жазушылардың басын қосты.
Отырысқа ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Әзербайжан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Селим Бабуллаоглу, Қазақстаннан Күлбек Ерғобек, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Қаныбек Иманалиев, Түркия Жазушылар одағының құрметті төрағасы Мұса Казым Арыджан, Түркия Жазушылар одағының төрағасы Мұхаммед Энес Кала, Түрікменстан Мәдениет министрлігінің өкілі Акмурат Реджепов, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Минхожиддин Мирзо, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Гайрат Мажид және өзбекстандық ақын-жазушылар қатысты. Ал Әндіжан облысы әкімдігі атынан отырысқа әкімнің орынбасары Эльёрбек Холмирзаев қатысты.
2027 жылғы ортақ іс-шаралар мен жас жазушыларды қолдау мәселесі талқыланды
Түркі әлеміндегі әдеби және мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру мақсатында өткен жиында одақтың атқарған жұмыстары сараланып, 2027 жылға арналған іс-шаралар бағдарламасы бойынша ұсыныстар талқыланды.
Қатысушылар ортақ әдеби мұраны сақтау, жазушылар одақтары арасындағы тікелей байланысты нығайту және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыру төңірегінде пікір алмасты. Жиында, әсіресе, жас ақын-жазушыларды қолдау, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін бағдарламаларды дамыту, ортақ кітаптар мен антология жобаларын дайындау, сондай-ақ шығармаларды түркі тілдеріне аудару мәселелеріне баса назар аударылды. Бұған қоса, әдебиетті халықаралық деңгейде насихаттау және кітап жәрмеңкелеріне бірлесе қатысуды арттыру туралы шешім қабылданды.
Сұлтан Раев: «Біз бірге болғанда ғана мықтымыз»
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев сөйлеген сөзінде әдебиеттің түркі әлемінің ортақ түсінігі мен рухани байланыстарын сақтап қалатын ең қуатты факторлардың бірі екенін атап өтті.
Түркі әлемінің Әлішер Науаиден Юнус Эмреге, Физулиден Мақтымқұлы Фрагиге, Абайдан Шыңғыс Айтматов пен Зия Гөкалпке дейінгі бай мұраға ие екенін тілге тиек еткен Раев: «Біз бірге болғанда ғана мықтымыз. Әдебиет саласындағы қарым-қатынасымыз тек жиындармен шектелмеуі керек; қабылданған шешімдердің кітаптарға, аудармаларға, антологияларға және жаңа әдеби кездесулерге ұласуының маңызы зор», — деді. Ол сондай-ақ жаңа буын әдебиетшілерді қолдау басты мақсаттардың бірі екенін қоса айтты.
Түркі әлемінің ең ірі әдеби сыйлығына дайындық басталады
Отырыстың басты күн тәртібінің бірі — түркі әлемінің ортақ әрі беделді әдеби сыйлығын тағайындау болды. Қазіргі заманғы түркі әлемі әдебиетін қолдау және үздік әдебиетшілерді халықаралық деңгейде ынталандыру мақсатында жүзеге асатын бұл сыйлық үшін ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы аясында жұмыстар басталмақ. Сыйлық алудың критерийлері мен қазылар алқасын тағайындау бойынша дайындық жүргізіледі.
Бағдарлама аясында 2026 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы Әндіжанды аралаған делегация қаланың тарихи және мәдени орындарын тамашалады.
Әндіжанның маңызды сәулеттік нысандарының бірі Деванабай мешітін, Захиреддин Мұхаммед Бабыр атындағы Бабыр саябағын (Бағ-и Бабыр) және Бабыр мен әлем мәдениеті музейін аралаған қатысушылар жауапты тұлғалардан мағлұмат алды. Делегация ортақ тарих пен мәдениетте ерекше орны бар Бабыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Шара қатысушы мекемелер мен әрбір елдің өкілдері арасында өзара сыйлықтар алмасу, естелік суретке түсумен аяқталды.