― 24 августа 2026 г.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф «Анадолы мектебі» әдебиет және мәдениет лагерінің ашылуына қатысты
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф Коджаэли мен «Анадолы мектебінің» ұйымдастыруымен «Анадолы мектебі әдебиет және мәдениет лагерінің 15 жылдығы» ашылу рәсіміне қатысты.
Түркияның бірнеше провинциясымен қатар түрлі елдерден 290-ға жуық жастың қатысуымен өткен бұл бағдарлама жастарды әдебиет, мәдениет және ой-пікір әлемі төңірегінде тоғыстырды. Түркияның түрлі аймақтары мен шетелден Коджаэлиге келген жастар лагерь барысында сұхбат, панельдік пікірталас, кітап оқу және мәдени шараларға қатысты.
Коджаэли Айтепе Дирилиш лагерінде өткен ашылу рәсіміне Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуфтан бөлек Коджаэли губернаторының орынбасары, Коджаэли провинциялық ұлттық білім беру директоры, «Анадолы мектебінің» төрағасы Сами Оджал, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың өкілдері, педагогтер, академиктер, қонақтар және көптеген жас жеткіншектер қатысты.
Жас ұрпақтың ортақ мәдени мұраны болашаққа жеткізуі маңызды
Бағдарлама аясында жастармен кездескен Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф мәдениет пен әдебиеттің қоғамдар арасындағы байланыстарды нығайтудағы рөліне назар аударып, жас ұрпақтың ортақ мәдени мұраны тануы мен оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Түркі әлемінің ортақ тарихы, тілі, әдебиеті мен мәдени қорын жас буынның жақынырақ тануы қажет екенін айтқан Сайит Юсуф, түрлі қалалар мен елдерден келген жастарды әдебиет пен мәдениет тоғысында басын қосқан мұндай бағдарламалардың жастар арасында мәңгілік достық орнатуға үлкен үлес қосатынын білдірді.
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы құрылған күнінен бастап түркі әлемінің ортақ мәдени құндылықтарын қорғау, насихаттау және болашақ ұрпаққа жеткізу бағытында қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанын еске салған Юсуф ұйым ретінде, әсіресе, жастарға арналған мәдениет, өнер және білім беру шараларына басымдық беретінін атап өтті.
«Анадолы мектебі әдебиет және мәдениет лагерінің 15 жылдығы» жастардың әдеби әрі мәдени білімдерін шыңдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, түрлі аймақтардан келген замандастардың пікір алмасуына да жағдай жасайды. Іс-шара мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты арттыруды және жастар арасындағы достық байланыстарды нығайтуды көздейді.
Коджаэли Айтепенің табиғи атмосферасында өтіп жатқан лагерь барысында жастар әдебиет, тарих, мәдениет және өркениет тақырыптарында ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға қатысып, жазушылармен, академиктермен және мәдениет қайраткерлерімен жүздесуге мүмкіндік алады.
«Анадолы мектебінің» құрылғанына 15 жыл толуына орай жүзеге асырылған бұл бағдарлама жастардың әдебиетпен байланысын нығайтуды және оларды ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде тоғыстыруды мақсат етеді.