― 8 февраля 2026 г.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Өзбекстан Жазушылар одағына барды
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Өзбекстанға іс-сапары аясында Өзбекстан Жазушылар одағына барып, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, Өзбекстанның Халық ақыны Сирожиддин Сайидпен кездесті.
Басқосуда ТҮРКСОЙ мен Өзбекстан Жазушылар одағы арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ әдебиет саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Белгілі болғандай, ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің шешімімен 2026 жыл «Әндіжан – түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланды. Осыған байланысты Мәдени астана іс-шаралары аясында ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының келесі кезеңдегі отырысын Өзбекстанда өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, жуық арада Түркия Республикасының астанасы Анкарада орналасқан ТҮРКСОЙ Бас хатшылығында және Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінде (ASBÜ) түркі дүниесінің ұлы ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидың туғанына 585 жыл толуына орай Еске алу бағдарламасы мен Халықаралық панель өткізу жоспарда бар.
Сұлтан Раев пен Сирожиддин Сайид аталған іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру және ынтымақтастықты одан әрі арттыру жайын талқылады.
Айта кетейік, аталған халықаралық іс-шаралар ТҮРКСОЙ, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігі, Өзбекстанның Анкарадағы Елшілігі, Өзбекстан Жазушылар одағы, Түркия Жазушылар одағы және Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің ұйымдастыруымен өтеді. Іс-шараларға Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Түрікменстан елдерінен танымал ғалымдар, ақындар мен жазушылар шақырылған.