― 9 сентября 2026 г.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев: «Исламофобия мен нәсілшілдікке берер жауабымыз — мәдениет болуы тиіс»
Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі, YTB мен SESRIC ұйымдарының ынтымақтастығымен Анкарада өткен «I Мұсылман диаспоралары форумында» сөз сөйлеген Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев әлемде белең алып бара жатқан шеттетуші ағымдарға қарсы мәдениет пен өнерді қолдану қажеттігін баса айтты.
Анкарада Мәдениет және туризм министрлігі, Шетелдегі түріктер және бауырлас қауымдастықтар басқармасы (YTB) мен Ислам елдерінің статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер мен оқыту орталығының (SESRIC) ұйымдастыруымен өткен шараға «Тамырдан көкжиекке» тақырыбы қойылған.
Түркия Республикасы Президентінің орынбасары Джевдет Йылмаз, Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой, халықаралық ұйым өкілдері, елшілер мен министрлер қатысқан форумда мұсылман қауымдастықтарының жаһандық деңгейдегі «жұмсақ күш» әлеуеті мен ортақ ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланды.
Форумның 9 қыркүйекте өткен отырысында сөйлеген сөзінде ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Еуропада өмір сүріп жатқан түрік және мұсылман қауымдары өздері мекендеген елдер мен атамекені арасында алтын көпір болып отырғанына назар аударды.
«Мәдениет дуал өрмейді, көпір салады»
Бүгінгі таңда әлемде нәсілшілдік, ксенофобия (жатжұрттықтарды жек көрушілік), исламофобия және радикалыды ағымдардың күшейіп бара жатқанын тілге тиек еткен Сұлтан Раев бұған берілетін ең пәрменді жауап мәдени дипломатия екенін атап өтті.
Раев: «Бұл үрдістерге жауабымыз — мәдениет болуы тиіс. Өнер болуы тиіс. Диалог болуы тиіс. Өйткені мәдениет дуал өрмейді, мәдениет көпір салады», — деді.
ТҮРКСОЙ құрылымында «Түркі қауымдастықтары жөніндегі департамент» ашылды
ТҮРКСОЙ ретінде мүше елдерден тыс аймақтарда өмір сүріп жатқан түрік халықтарының өкілдеріне айрықша мән беретіндерін айтқан Сұлтан Раев осы бағытта ұйым құрылымында «Түркі қауымдастықтары жөніндегі департамент» ашылғанын мәлімдеді.
Жастардың ана тілін, мәдениеті мен бірегейлігін сақтау өте маңызды екенін жеткізген Сұлтан Раев түркі әлемі диаспорасы өзара тәжірибе алмасып, жастардың басын қосу арқылы тығыз әрі үйлесімді әрекет етуі қажеттігін жеткізді.
«Отан — адамның бойындағы тілі, түсінігі мен мәдениеті»
Мәдени бірегейлік пен тектілік шекаралардан асып түсетін ұғым екенін қаламгерлік қырымен де жеткізген Сұлтан Раев сөзін былайша сабақтады:
«Адам кейде өз отанынан жырақта өмір сүруі мүмкін, бірақ ол өз мәдениетінен жырақ өмір сүруге мәжбүр емес. Өйткені отан — тек өзіміз басып жүрген топырақ қана емес. Отан — адамның бойында алып жүретін тілі, тарихи жады мен мәдениеті. Тамырымызды сақтасақ, болашаққа нық қадам басамыз. Тамырымыз өткенімізге тараса, мәдениетіміз болашаққа жетелейді».
Ортақ ынтымақтастық үшін қуатты экожүйе қажет
Форумның ашылу бөлігінде қатысушыларға арнап сөз сөйлеген Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой мұсылман диаспораларының өткеннен бүгінге дейін ғылымнан өнерге, кәсіпкерліктен мемлекеттік қызметке дейінгі көптеген салада құндылықтар қалыптастырғанын айтып, ортақ ынтымақтастықты арттыратын қуатты экожүйе құру қажеттілігіне тоқталды.
Шара барысында, сондай-ақ, Газада болған адамзат трагедиясы ислам диаспорасының Палестина күресін әлемге көрсетудегі шешуші рөлі мен диаспоралар арасындағы ортақ әрекет ету стратегиялары сараланды.