― 17 декабря 2025 г.
ТҮРКСОЙ 15 желтоқсан – «Дүниежүзілік түркі тілдері» күнін атап өтті
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі және«15 шілде Демократия» музейінің ұйымдастыруымен ЮНЕСКО ресми түрде жариялаған 15 желтоқсан – «Дүниежүзілік түркі тілдері күніне» орай «Түркі дүниесінің тілі: мыңжылдық мұраның үні» тақырыбында халықаралық панель өтті.
Анкара қаласындағы «15 шілде Демократия» музейінде өткен іс-шараға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркия-Әзербайжан достық тобының төрағасы, Стамбұл депутаты Шамиль Айрым, Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры профессор Мұса Казым Арıжан, Ахмет Жеват институтының төрағасы профессор Рухи Ерсой, «15 шілде Демократия» музейінің директоры Али Хайдар Аталар, ғалымдар, үкіметтік емес ұйым өкілдері және жастар қатысты.
Бағдарлама Отан үшін жанын қиған шейіттерді бір минут үнсіздікпен еске алып, Түркия Республикасының Мемлекеттік әнұранын орындаумен басталды. Ашылу сөздерінде түркі тілінің біріктіруші қуаты, тарихи тереңдігі және болашаққа аманат етілуі тиіс құндылық екені ерекше атап өтілді.
Сұлтан Раев: «Тіліміз – түркі дүниесі ретіндегі болмысымыздың айғағы»
Панельдің ашылуында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев 15 желтоқсан – «Дүниежүзілік түркі тілдері» күнінің маңызын атап өтті.
«Түркі дүниесінің тілі – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол тарихымыздың, құндылықтарымыздың және ой-санамыздың тасымалдаушысы. Орхон ескерткіштерінде тасқа қашалған сөздерімізден бастап бүгінге дейін тіліміз ұлттық санамызды қалыптастырып келеді. ЮНЕСКО-ның 15 желтоқсанды «Дүниежүзілік түркі тілдері күні» ретінде мойындауы – түркі тілінің әлемдік деңгейдегі құндылығының халықаралық тұрғыда танылуы», – деді Сұлтан Раев.
Сондай-ақ ол ТҮРКСОЙ құрамында 2022 жылы құрылған «Түркі тілді қауымдастықтармен байланыс басқармасының» қызметіне тоқталып, мемлекеті жоқ түркі қауымдарының мәдени мұрасын сақтау – тарихи жауапкершілік екенін айтты. «Тіл саласындағы ынтымақтастық – мәдени тұтастық пен ортақ болашаққа бастайтын ең берік негіз», – деп түйіндеді.
Ресми баяндамаларда бірлік пен болашақ мәселесі көтерілді
Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Шамиль Айрым Түркі мемлекеттері ұйымының күшейіп келе жатқан рөліне тоқталып, Түркияның түркі дүниесіне деген қызығушылығының артып отырғанын атап өтті. «Арманым бар: Зәңгезур дәлізі ашылған күні көлігімізге мініп, Орта Азияға, ата жұртымызға дейін жету. Тілде, ойда және істе бірлік – XXI ғасырдағы өрлеуіміздің кілті», – деді ол.
Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры профессор Мұса Казым Арıжан 15 желтоқсан күнінің кездейсоқ таңдалмағанын айтып, дәл осы күні даниялық ғалым Вильгельм Томсеннің Орхон жазбаларын әлемге жариялағанын еске салды. Ол түркі тілінің ғылым мен өркениет тілі екенін атап өтті.
Ахмет Жеват институтының төрағасы профессор Рухи Ерсой түркі тілінің ЮНЕСКО аясында «туыстас тілдер» ретінде мойындалуы халықаралық дипломатия мен Біріккен Ұлттар ұйымы деңгейіндегі стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Сондай-ақ ол түркі дүниесінде болған қасіреттер мен зиялылар қырғынын ұмытпау мақсатында «Қан диірмені музейін» құру жөнінде ұсыныс білдірді.
Түркі дүниесінің әр өңірінен ғалымдар бас қосты
Панельдік отырыста түркі дүниесінің әр аймағынан келген сарапшылар түркі тілінің өткені мен бүгініне қатысты баяндамалар жасады.
Іс-шарада Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің профессоры Мехмет Зеки Ибрахим, Жандармерия және жағалау күзеті академиясының доценті Хаджы Мурат Арабаджы, Гагауыздар қауымдастығының төрағасы Ирина Юсумбели, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Мехса Мехтизаде, Қырым түріктері мәдениет және өзара көмек қауымдастығының басшысы Мүкремин Шахин, Түркістан елдері білім, мәдениет және көмек қауымдастығының төрағасы Хашим Хамдам, Ирак Түркімен майданының өкілі Ибрахим Гассаб және «TRT» Ұйғыр редакциясынан Мир Камил Қашғари баяндама жасады.
Іс-шара Анкара Түркі дүниесі музыка және би ансамблінің концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.