― 28 ноября 2025 г.
Түркі әлемінің жүрегі Ақтауда соқты: мәдени астана атағы салтанатты түрде Әндіжанға табысталды
2025 жыл бойы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін абыроймен атқарған Каспий жағасындағы әсем Ақтау қаласы жыл бойы өткен мәдени-өнер шоуларын «Халық Арена» кешенінде ұйымдастырылған еңселі гала-концертпен түйіндеді. Салтанат барысында 2026 жылға арналған мәдени астана туы иесі – Өзбекстанның көне шаһары Әндіжанға ресми түрде тапсырылды.
Халықаралық ТҮРКСОЙтүркі мәдениеті ұйымы жариялаған «Ақтау – 2025 Түркі дүниесінің мәдени астанасы» жылы 28 қараша 2025 жылы өткен көркем жабылу рәсімімен аяқталды. Ақтау Халық Аренада өткен бұл ауқымды шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан және басқа да түркі өңірлерінен жоғары лауазымды тұлғалар, өнер шеберлері және мыңдаған көрермен қатысты.
Сахнаға шыққан шамамен 250 әртіс түркі дүниесінің бай мәдени мұрасын, алуан түрлі өнерін танытқан әсерлі қойылымдарымен көрерменге ұмытылмас сәттер сыйлады.
Министр Балаева: «Ақтау – Түркі әлемінің жүрегі соққан қалаға айналды»
Салтанатты жабылуда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөзінде Ақтаудың мәртебесін жоғары деңгейде атқарғанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл бойы театрдан операға, кино фестивальдерінен ғылыми жиындарға дейін 30-дан астам халықаралық іс-шара өткізілген.
Министр өз сөзінде былай деді:
«Ақтау қаласы бұл тарихи міндетті абыроймен орындап, жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде атқарды. Каспий жағасында өткен фестивальдер 7 елден жүздеген өнерпазды және 100 мыңнан астам көрерменді бір арнаға тоғыстырды. Бұл – ортақ мәдениетімізді жалғап тұрған берік рухани байланыстың айқын көрінісі. Ақтауда тұтанған мәдени алау 2026 жылы Әндіжанда да дәл осылай жарқырай берсін», – деді Балаева.
Министр, сондай-ақ, ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 42-ші отырысында қабылданған «Дижитал ТҮРКСОЙ» шешіміне тоқталып, мәдени мұраны цифрландыру мен креативті индустриялар форумын болашаққа жасалған маңызды қадамдар деп атап өтті.
Бинали Йылдырым: «Мәдениет – ұлттың тамыры мен болашағын айқындайды»
Түркі дүниесінің Ақсақалдары атынан сөз сөйлеген Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайып Ердоғанның сәлемін жеткізе отырып, мәдениеттің стратегиялық маңызына назар аударды.
Ол Қазақстанның Түркі әлеміндегі тұрақтылықтың негізгі тіректерінің бірі екенін айта келе:
«Жол, көпір, порт – көзге көрінетін дүниелер. Ал мәдениет – ұлттың әрі тамырын, әрі болашаққа бағытталған өрісін айқындайтын күш. Сондықтан мәдениет саласындағы ынтымақтастығымыз – Түркі әлемінің ең берік кепілі. Біз көпір саламыз, ал сол көпірден өтіп, болашақты құратын – жастарымыз», – деді.
Сонымен қатар Бинали Йылдырым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылы түркі әлемінің ғылым және мәдениет қайраткерлерін тоғыстыратын ірі басқосу Ақсақалдар кеңесінің қолдауымен өтетінін хабарлады.
Сұлтан Раев: «Бауырылас халықтардың жақындығын терең сезіндік»
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде Ақтаудың жыл бойы көрсеткен үлгілі ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді. Ақтаудың тек қала емес, күллі түркі дүниесін тоғыстырған рухани мекенге айналғанын атап өтті.
«Ақтау – күллі түркі әлемін біріктірген шаһар болды. Бір жыл бойы ортақ мәдениетіміздің тереңдігін, бауырлас халықтарымыздың жақындығын айқын сезіндік. Алдағы жылдары да мәдени дипломатия және ортақ жобалардағы ынтымақтастығымыз арта береді. Еңбегі сіңген баршаға алғыс айтамын», – деді Раев.
Тарихи рәсім: Ту Әндіжанға табысталды
Кештің ең маңызды сәті – мәдени астана туын ресми табыстау рәсімі болды. Сахнаға шыққан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов «Түркі әлемінің мәдени астана» туын 2026 жылғы мәртебе иесі – Өзбекстанның Әндіжан қаласының әкімі Элёрбек Каримовқа табыс етті.
Каримов өз сөзінде Әндіжанның бай тарихы мен мәдениетін 2026 жылы әлемге кеңінен танытуға дайын екендерін айтып, бұл мәртебелі міндетті зор қуанышпен қабылдайтындарын жеткізді.
Салтанатты кеш түркі халықтарының әуендері, бірлік пен өзара қолдау туралы жылы лебіздер және дәстүрлі «отбасылық суретке» түсумен аяқталды.