― 21 декабря 2025 г.
Түркі әлемінің театр саңлағы өмірден өтті
КӨҢІЛ АЙТУ ХАТЫ
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне,
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына,
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына,
Қазақстан театрлар ассоциациясына, барша Қазақ халқына, сондай-ақ марқұмның туған-туыстары мен жақын жандарына
Қазақстан Республикасының халық әртісі, ұлттық өнердің көрнекті өкілі, сахна мен кино әлемінің дара тұлғасы, актер, режиссер, театр педагогы, профессор, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлы Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының атынан және жеке өз атымнанқайғыра көңіл айтамын.
Асанәлі Әшімұлы Әшімов — қазақ халқының ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ мақтанышы, ұлттық мәдениеттің асқақ тұлғасы. Оның өнер жолындағы саналы ғұмыры мен шығармашылық мұрасы Қазақ халқының рухани қазынасын байытып, әлемдік мәдени кеңістікте қазақ өнерінің абыройын асқақтатты.
Ұлы актер сомдаған Бекежан («Қыз Жібек»), Шадияров («Атаманның ақыры»), Мәмбет («Сарқырама»), Қасымханов («Транссібір экспресі»), Қаражал («Жаушы»), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел») және өзге де бейнелер — актерлік шеберліктің биік үлгісі, ұлттық кино өнерінің алтын қорына енген туындылар.
Асанәлі Әшімов режиссер ретінде де қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосты. Ол сахналаған және экрандаған спектакльдер мен фильмдер оның шығармашылық ой-өрісінің кеңдігін, көркемдік талғамының тереңдігін айқын көрсетті және ол қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген бірегей тұлғалардың бірі. Оның мол рухани мұрасы түркі халықтарының ортақ мәдени қазынасына айналып, кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Ұлы өнер иесінің жарқын бейнесі, биік адамгершілік болмысы мен шығармашылық мұрасы халықтар жадында мәңгі сақталады.
Марқұмның отбасы мен жақындарына, сондай-ақ барша Қазақ халқына қайғыра көңіл айтып, марқұмның иманы саламат болсын, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын деп тілеймін.
Құрметпен,
ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының
Бас хатшысы Сұлтан РАЕВ