DSC_6146
11 мая 2026 г.

«Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық»: Анкарада Олжас Сүлейменовты 90 жылдық мерейтойына арналған шара өтті

11 мая 2026 г.

«Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық»: Анкарада Олжас Сүлейменовты 90 жылдық мерейтойына арналған шара өтті

Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшылығында атақты қазақ ақыны, жазушысы, түрколог әрі дипломат Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына орай «Тауларды аласартпай, даланы асқақтату» атты бағдарлама ұйымдастырылды. 

Анкарадағы ТҮРКСОЙ Бас хатшылығының конференция залында өткен шараға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Әзербайжан Республикасының Анкарадағы Елшілігінің кеңесшісі Фузули Маджидли, Қазақстан Республикасының Анкарадағы Елшілігінің кеңесшісі Динара Изанова, «АК» партияның Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі төраға орынбасары Решиде Юксель, Түркия Жазушылар Одағының (TYB) төрағасы Мұхаммед Энес Кала, Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің (ASBÜ) ректоры Мұса Казым Арыжан және көптеген қонақ қатысты.

Сүлейменов — түркі әлемінің ортақ рухани мұрасы

Бағдарламаның ашылуында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Олжас Сүлейменовтің есімі Қазақстанда ғана емес, күллі түркі әлемінде танымал айналғанын атап өтті. Сүлейменовтің «Аз и Я» атты еңбегімен тарихи ой-сананы оятқанына тоқталған Раев, ақынның «Тауларды аласартпай, даланы асқақтату» қағидасының бүгінгі таңда да маңызын жоймағанын баса айтты. Сондай-ақ, Раев Сүлейменовтің 1989 жылы бастамашы болған «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысы арқылы тек өз халқының ғана емес, күллі адамзаттың ары мен бейбітшілік елшісіне айналғанын жеткізді.

Ақиқатты қорғаудың қасиетті жауапкершілігін көрсетті

Әзербайжан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі Фузули Маджидли Сүлейменовтің Әзербайжан халқы үшін ерекше маңызға ие екеніне тоқталды. Сүлейменовтің 1990 жылғы «Қанды қаңтар» оқиғаларында және 2020 жылғы Қарабах соғысында Әзербайжанның жанынан табылғанын айтқан Маджидли, ақынның кеңестік кезеңде «Игорь полкы туралы жыр» төңірегінде жазған зерттеулерімен үлкен батылдық танытқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Сүлейменовтің Әзербайжан мемлекетінің «Достық», «Шөһрат» (Даңқ) және «Шараф» (Құрмет) ордендері сияқты үш жоғары марапатын иеленген жалғыз шетелдік тұлға екенін еске салды.

Қаламын халықтар арасындағы көпір ретінде қолданды

Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі Динара Изанова өз сөзін Қазақстанның Анкарадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Еркебұлан Сәпиевтің сәлемін жеткізуден бастады. Изанова Сүлейменовтің өз қаламын әрқашан халықтар арасында көпір орнататын мәшһүр шырақ ретінде қолданғанын, оның 90 жылдық ғұмырына сыйған орасан зор мұрасын келешек ұрпаққа аманаттау және түркі әлемінің бірлігін ол армандаған интеллектуалдық деңгейге көтеру басты мақсат екенін білдірді.

«Даланы асқақтатып, тауларды аласартпаған» ойшыл

Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі төраға орынбасары Решиде Юксель шараның атауы болған «Тауларды аласартпай, даланы асқақтату» сөзі Сүлейменовтің өркениеттік көзқарасын айқындайтынын атап өтті. Юксель ақынның өз тамырын қорғай отырып, өзгені шеттетпейтін, өз болмысын биіктете отырып, адамзаттық құндылықтарды ұмытпайтын ой иесі екенін айтып, «Аз и Я» шығармасы тарих, тіл және бірегейлік жолындағы батыл ой күресі екенін жеткізді.

Тарихтың жасампаз субъектісі болуға шақыру

Түркия Жазушылар одағының (TYB) төрағасы Мұхаммед Энес Кала Сүлейменовтің өз шығармаларымен славяндық және еуропалық тарихнамаға елеулі қарсылық танытқанын айтты. Түркілер тарихтың нысаны (объектісі) емес, оның негізін қалаушы жасампаз тұлғасы (субъектісі) екенін алға тартқан ол өркениеттердің бір-бірін түсініп, тыңдай білуі керектігі туралы Сүлейменовтің үндеуі бүгінгі адамзат үшін жолбасшы екенін білдірді.

Олжас Сүлейменов қазақ рухымен және түркі жадымен жазды

Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің (ASBÜ) ректоры Муса Казым Арыжан 2016 жылы Йылдырым Беязыт университетінде Сүлейменовке «Құрметті доктор» атағы берілген салтанатты рәсімді еске алды. Ақынның шығармаларын орыс тілінде жазғанына қарамастан, қазақ рухымен және Түркі әлемінің ортақ ой-санасымен жазғанын айтқан ректор әдебиеттің тек өнер ғана емес, ұлттардың абыройын қорғайтын ұлы өркениет тілі екенін баса айтты.

Шара аясында Олжас Сүлейменовтің өмірі мен күресі туралы деректі фильм көрсетіліп, «Тауларды аласартпай, даланы асқақтату» тақырыбындағы көрме ашылды. 12 мамыр күні Түркия Жазушылар одағы мен Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінде де еске алу шаралары жалғасып, «Сүлейменов»оқу залы ашылмақ.

Олжас Сүлейменов

Олжас Сүлейменов — әдеби және интеллектуалдық тұлғасымен қатар, жаһандық деңгейде танымал бейбітшілік елшісі және экология белсендісі. Ол 1989 жылы Кеңес Одағының Қазақстандағы Семей өңірінде 1949 жылдан бері жүргізіп келген жойқын ядролық сынақтарына қарсы «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысын құрып, оған жетекшілік етті. Қозғалыстың басты мақсаты — жүз мыңдаған адамның радиацияға шалдығуына және миллиондаған гектар жердің улануына себеп болған әлемдегі ең ірі жерасты ядролық сынақ полигондарының бірінің қызметін біржола тоқтату болатын. Қозғалыс атауына «Невада» сөзінің қосылуына АҚШ-тың Невада штатындағы ұқсас ядролық сынақтардан зардап шеккен халықпен халықаралық ынтымақтастық көпірін орнату себеп болды.

Сүлейменов бастамашы болған бұл азаматтық бастама — бұрынғы КСРО тарихындағы алғашқы ірі ядролық қаруға қарсы қозғалыс. Қысқа уақыт ішінде жаһандық қолдауға ие болған бейбіт шерулерге ұласқан бұл табанды күрестің нәтижесінде, 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Қазақстан осы тарихи қадам арқылы орасан зор ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан әлемдегі алғашқы елдердің бірі ретінде тарихқа енді. Сүлейменовтің бұл күресі оны тек түркі әлемінің ұлы ойшылы ғана емес, сонымен бірге күллі адамзаттың ары мен жаһандық экологиялық қауіпсіздіктің ең маңызды қорғаушыларының біріне айналдырды.

Медиа галереясы

DSC_6355
DSC_6333
DSC_6339
DSC_6312
DSC_6280
DSC_6265
DSC_6259
DSC_6238
DSC_6248
DSC_6232
DSC_6196
DSC_6153
DSC_6146

© 2022 TÜRKSOY - Барлық құқық сақталған