― 23 апреля 2024 г.
Сұлтан Раев: "ТҮРКСОЙ – түркі әлемінің мәдени мұрасын қорғаушы, таратушы, насихаттаушы және мәдени дамудың бастаушысы"
23 сәуір күні Біріккен Ұлттар ұйымының Женевадағы кеңсесінде Түркі ынтымақтастық ұйымдарының "Ортақ мұра, бірге ілгерілеу» атты панельі өтті.
Түркі апталығы аясында ұйымдастырылған шараға халықаралық ұйымдардың президенттері мен өкілдері, мүше мемлекеттердің дипломатиялық бақылаушылары, жетекші сарапшылар, ғалымдар мен жеке сектор өкілдері қатысты.
Қырғыстан Республикасының Женевадағы БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі, елші Омар Султановтың модераторлығымен өткен панельдік сессияға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркі Мемлекеттері ұйымының (ТДТ) Бас хатшысы, елші Кубанычбек Өмуралиев, Түркі Академиясының Президенті, профессор Шахин Мұстафаев, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, ТДТ Бас хатшысының орынбасары, доктор Өмер Кожаман және ТүркПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар комиссиясының хатшысы Кадир Яман баяндама жасады.
ТҮРКСОЙ-дың құрылу миссиясы мен болашаққа деген көзқарасы туралы панельде егжей-тегжейлі баяндама жасаған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев түркі әлемі халықтары арасындағы мәдени перспективасында ұйымның алар орны ерек екеніне тоқталды.
"Біз назар аударатын ең маңызды мәселе – түркі халықтары арасындағы диалог пен өзара сыйластық. Мәдени дипломатияның күшін пайдалана отырып, біз бұл кедергілерді еңсеріп, инклюзивті және жарқын болашаққа жылжи аламыз. Түсіністік пен диалог арқылы ортақ мұрамызды құрметтей отырып, біз өз елдерімізде және одан тыс жерлерде тұрақты даму мен бейбітшілікке жол аша аламыз», - деді ол.
Сондай-ақ Раев ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы қызметін атқару барысында ұйымының көкжиегі кеңейгенін және Өзбекстан мен Түрікменстанның одақ қызметіне толыққанды мүше ретінде кіргенін, бұл дегеніміз - халықаралық ұйымның құрылтай миссиясын толық орындау жолындағы маңызды қадам болғанын баса айтты.
"ТҮРКСОЙ-дағы қызметім барысында "Кино режиссерлер қауымдастығы", "Түркі әлемінің мәдени астаналар қауымдастығы", "Ақын-жазушылар қауымдастығы" сияқты маңызды одақтардың құрылуына мұрындық болдық. Бұл қауымдастықтар жай ғана бюрократия ұйымдары емес. Олар түркі әлеміндегі өнер қайраткерлері мен мәдениет қызметкерлері арасында ынтымақтастықты ынталандыратын, шығармашылықты дамытатын және өзара қолдау көрсететін белсенді платформалар", - деді Бас хатшы.
Раев өз сөзінде Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы түркі әлемінің мәдени мұрасын қорғаушы, таратушы, насихаттаушы және мәдени дамудың бастаушысы екенін атап өтті.
Сөз соңында ол қатысушыларды ТҮРКСОЙ концертіне шақыра отырып, түркі әлемінің ортақ құндылықтары, мәдениеті мен өнерін тамашалауды ұсынды.