― 10 июля 2026 г.
Сұлтан Раев Солтүстік Македонияның Мәдениет және туризм министрі Зоран Лютковпен кездесті
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев Солтүстік Македонияның Мәдениет және туризм министрі Зоран Лютковпен кездесті. Солтүстік Македонияның Мәдениет және туризм министрі Зоран Лютковтың ресми шақыруымен елорда Скопьеге жұмыс сапарымен барған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Министр Лютковпен жүздесті.
Кездесуде ТҮРКСОЙ мен Солтүстік Македония Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі арасында қол қойылған өзара келісім туралы меморандум аясында жоспардағы бірлескен жобалар мен іс-шаралар талқыланды.
Министр Лютков Анкараға ресми іссапары барысында көрсетілген қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, Бас хатшы Раевты Солтүстік Македонияда қабылдауға қуанышты екенін жеткізді. Қол қойылған Меморандумның жай ғана ресми құжат болып қалмауы керектігін баса айтқан Лютков бұл келісімді мәдениет пен туризм саласындағы нақты жобалармен қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев өз кезегінде бұл Меморандумды екі жақты қарым-қатынастардағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде бағалайтынын айтты. Раев құжаттың мәдениет, өнер, әдебиет, сахналық өнер, мәдени мұра және туризм салаларында мықты институционалдық негіз қалайтынын атап өтіп, бұл ынтымақтастықты нақты іс-қимыл жоспарымен нығайтудың тиімді болатынын мәлімдеді.
Солтүстік Македонияның мәдени әртүрлілігі ТҮРКСОЙ үшін маңызды құндылық екенін алға тартқан Раев Скопье, Охрид, Битола (Манастыр), Гостивар, Тетово (Калканделен) және Валандово сияқты қалалардың бірлескен жобалар тұрғысынан үлкен әлеуетке ие екенін жеткізді.
Кездесуде сондай-ақ Охрид қаласының тарихи, мәдени және табиғи мұрасын түркі әлемінде кеңінен таныту, бірлескен көрмелер, фотожобалар, деректі фильмдер, мәдениет күндері мен таныстырылым бағдарламаларын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Солтүстік Македонияда тұратын түрік қоғамдастығының әдебиет, театр, музыка, халық билері, кескіндеме және фотосурет салаларындағы мәдени байлығын ТҮРКСОЙ шараларына тарту мақсатында жасасқан келісімнен тараптардың үміті көп.