WhatsApp Image 2026-07-11 at 01.33.36
11 июля 2026 г.

Сұлтан Раев Солтүстік Македониядағы түрік зиялыларымен және қоғам қайраткерлерімен кездесті

11 июля 2026 г.

Сұлтан Раев Солтүстік Македониядағы түрік зиялыларымен және қоғам қайраткерлерімен кездесті

Солтүстік Македонияның Мәдениет және туризм министрі Зоран Лютковтың ресми шақыруымен осы елде жүрген Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев Түркия Республикасының Скопьедегі Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен алқалы жиынға қатысты. Скопьедегі «Йигит Паша» мәдениет орталығында ұйымдастырылған бұл шарада Солтүстік Македониядағы түрік зиялылары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, өнерпаздар, журналистер мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері бас қосты.

Бағдарламаға MATÜSİTEB төрағасы Тахсин Ибрахим, Әулие Кирилл және Мефодий университеті Түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Осман Эмин, Халықаралық Балқан университеті Түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Экрем Дестанов, Драма және өнер факультетінің оқытушысы Атилла Клинче, Түрік театрының директоры Осман Али, Түрік зиялылар кеңесінің төрағасы әрі журналист Эран Хасип, «Көпрю» (Көпір) қоғамының төрағасы Хүсрев Эмин, MATÜSİTEB төрағасының орынбасары әрі ақын Мехмед Ариф, «Йигит Паша» мәдениет орталығының директоры Эмин Исмаил, «Көпрю» журналының бас редакторы Лейла Шериф Эмин, «Йени Балкан» (Жаңа Балқан) газетінің иесі Муртаза Сулооджа, «Time» басылымының бас редакторы Сеййид Эмин, Македония Ғылым және өнер академиясының ғылыми қызметкері Нуман Аруч, Фольклор институтының ғылыми қызметкері Актан Аго, фольклор жетекшісі Тимур Торгай және Әулие Кирилл және Мефодий университетінен Юдум Гөрмүш қатысты.

Кездесуде түрік мекемелері мен ұйымдарының атынан Түркияның Скопьедегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Фатих Улусойдың тапсырмасымен үшінші хатшы Ирем Нур Ташер, «HALKBANK Македония» бас директоры Фатих Шахбаз, Түркия Елшілігінің білім беру мәселелері жөніндегі кеңесшісі Али Рыза Алтунел, «Юнус Эмре» түрік мәдениет орталығының үйлестірушісі Юнус Дилбер және Түркия Маариф қорының Солтүстік Македониядағы үйлестірушісі Осман Демиргүл өкілдік етті.

Шарада сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Солтүстік Македониядағы түрік қауымдастығы Балқан түбегіндегі түрік мәдени жадының ең маңызды тасымалдаушыларының бірі екенін атап өтіп, түрік тілін, әдебиеті мен мәдени бірегейлігін сақтауда зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйымдардың иығына үлкен жауапкершілік жүктелетініне назар аударды.

Солтүстік Македонияға алғаш рет келгенін, бірақ бұл аймақтың түркі әлемі үшін тарихи және мәдени маңызы зор екенін жақсы білетінін айтқан Раев мұндағы түрік қауымдастығы өзінің тілімен, әдебиетімен, салт-дәстүрімен және тарихи жадымен түркі әлемінің ажырамас бөлшегі екенін қадап айтты.

Өзінің де қаламгер екенін тілге тиек еткен Раев әдебиет — халықтың рухы мен болмысын болашаққа жеткізетін ең қуатты құрал екенін жеткізді. Македония түрік әдебиеті түркі әлемі әдебиетінің құнарлы бір арнасы екенін айтқан ол, осы өңірден шыққан Неджати Зекерия, Шүкри Рамо, Авни Энгүллү, Сабит Юсуф және Фахри Али сияқты тұлғалардың түрік тілі мен әдебиетін өркендетуге қосқан үлесі орасан зор екенін айтты.

Түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасы тек Анадолымен ғана шектелмейтінін айтқан Бас хатшы, Шыңғыс Айтматовтан Абайға, Мақтымқұлы Фрагиден Юнус Эмреге дейін созылып жатқан ұлы әдебиет пен рухани қазына ортақ болашақтың негізі екенін атап өтті.

Сұлтан Раев өз сөзінде Солтүстік Македониядағы Юрук (Йорүк) мәдениетіне де тоқталып, Балқан юруктері өздерінің тілімен, салт-дәстүрімен, әуендерімен, киімдерімен және өмір салтымен түрік мәдениетінің осы өңірдегі тірі тарихы екенін мәлімдеді. Раев ТҮРКСОЙ басылымдары қатарынан жарық көрген Иззет Ибрахимсойлуның «Фотосуреттердегі юруктер мәдениеті және көшпелі түріктер» атты еңбегі осы мәдени мұраны паш ету тұрғысынан маңызды дереккөз екенін атап өтті.

Түрік тілін сақтау мәдени бірегейлікті ұстап тұрудың басты шарты екенін айтқан Раев Солтүстік Македонияда 21 желтоқсан — түрік тілінде білім беру күні, яғни мереке ретінде тойланатынын жеткізіп, түрік тілі мен болмысының бұл топырақтағы орнын көрсететін үлкен жетістік екенін білдірді.

Бұған дейін ТҮРКСОЙ мен Солтүстік Македония арасында түркология бағдарламалары, әдеби кездесулер, театрландырылған шаралар, Наурыз және Хыдыреллез мерекелері, жастар жобалары, суретшілер мен фотографтардың басқосулары сияқты көптеген бірлескен жұмыстар атқарылғанын еске салды.

Солтүстік македониялық өнерпаздар мен мәдениет қайраткерлерінің «Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобаларына, фестивальдар мен көрмелерге белсенді қатысып келе жатқанын айтқан Раев: «Араларыңыздағы бірқатар азаматтарды түркі әлемінің түрлі қалаларында қонақ еткенімізді білемін. Әрине, баршаңызды түркі әлемінде күткіміз келеді. Алдағы кезеңде жаңа жобалар мен ауқымды бағдарламаларда бірге болғымыз келеді», — деді.

Жақында ТҮРКСОЙ мен Солтүстік Македонияның Мәдениет және туризм министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық хаттамасы екіжақты байланысты жүйелі негізге көшіргенін айтқан Раев, бұл құжат бірлескен басылымдар, әдеби кездесулер, панельдік пікірталастар, жастар бағдарламалары, мәдениет күндері мен өнер кештері арқылы нақты іске асатынын білдірді.

Солтүстік Македониядағы түрік қауымдастығының үні түркі әлемінің ортақ мәдени платформаларында бұдан да қаттырақ естілуі тиіс екенін баса айтқан Раев қатысушыларды ТҮРКСОЙ-мен тығыз байланыс орнатуға, идеялары мен жобалық ұсыныстарын бөлісуге шақырды.

Жылы әрі туысқандық жағдайда өткен кездесуде қатысушылар Солтүстік Македония түрік қауымдастығының мәдениет, өнер, әдебиет, білім және медиа салаларындағы қызметі туралы ақпарат беріп, ТҮРКСОЙ-мен бірге жүзеге асыруға болатын бірлескен жобалар бойынша өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Бағдарлама қатысушылардың өзара пікір алмасуынан кейін естелік суретке түсумен аяқталды.

Медиа галереясы

WhatsApp Image 2026-07-11 at 01.33.36
WhatsApp Image 2026-07-11 at 01.34.36
WhatsApp Image 2026-07-11 at 01.40.55
WhatsApp Image 2026-07-11 at 01.33.37
WhatsApp Image 2026-07-11 at 01.33.36 (2)

© 2022 TÜRKSOY - Барлық құқық сақталған