― 6 февраля 2026 г.
Сұлтан Раев: «6 ақпан – ортақ қайғы-қасіретіміз»
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев 2023 жылдың 6 ақпанында Түркия аумағында болған жойқын жер сілкінісін еске алып, үндеу жариялады.
Сұлтан Раев 6 ақпан күнгі зілзаланың тек Түркия халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін ортақ қасірет екенін атап өтіп:
«6 ақпан – ұмытылмас қасірет күні. Ғимараттар құлап қоймады, миллиондаған жүрек қарс айрылды, мыңдаған отбасы қара жамылды, қайғы арқалады. Сондай-ақ түркі дүниесінің өзара ынтымақ пен бірлігі айқындалған күн ретінде де есте қалады», – деді.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы жер сілкінісі жайлы хабарлы ести салысымен түркі дүниесінің түкпір-түкпірінен келген қолдаулар нақты көмекке ұласқанын, гуманитарлық жәрдемдердің апат аймақтарына жеткізілгенін және бауырластықтың іс жүзінде айқын сезілгенін жеткізді.
Сондай-ақ Сұлтан Раев түркі дүниесінің ортақ ар-ожданы мен тағдыры сынға түскенде бірліктің нышаны анық сезілгенін атап өтті.
Үндеуін тебіреніске толы сөздермен түйіндеген Сұлтан Раев:
«Қаза тапқан бауырларымызды Алланың рақымына бөлеп еске аламыз, ал артында қалған жандарға сабыр тілейміз. Қасіретіміз ортақ, қайғымыз бір. Түркі дүниесі әрдайым Түркияның жанында, бұл бауырластық пен ынтымақ ешқашан ұмытылмайды», – деді.