― 13 августа 2025 г.
Семейде қазақтың әйгілі ақыны Абайдың туғанына 180 жыл толуы халықаралық деңгейде аталып өтті
Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар легі жалғасуда. Онкүндіктің тоғызыншы күнінде Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық поэзия фестивалі өтті.
Фестиваль «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының және Михай Эминеску атындағы Халықаралық поэзия академиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының өлеңдерін әлемнің 15 тіліне аудару арқылы оның рухани мұрасын жаһандық деңгейде кеңінен таныту.
Фестивальге ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы мен Конго, АҚШ, Мексика, Италия, Швеция мемлекеттерінің ақындары мен жазушыларымен қатар Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Ханбибі Есенқарақызы, Ақұштап Бақтыгереева, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сынды отандық әдебиеттің көрнекті өкілдері қатысты.
Шараның салтанатты ашылуында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, Қырғызстанның Халық жазушысы Сұлтан Раев сөз алып, екі ел достығына тоқталып, ұлы Абай мұраларының күллі әлемге ортақтығы жайында сөз қозғады.
Салтанатты шарада сөз алған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Абайдың жалпыадамзаттық құндылықтарына тоқталып: «Абай ақындығымен ғана емес, терең философиясымен, кемел рухани көзқарасымен, адамзатқа ортақ ойларымен ерекшеленді. Ол барша адамзатты бауырлас санап, «Адамзаттың бәрін сүй» деген. Бұл дүниежүзілік өркениет ауқымындағы ой, тіпті әлем таныған ойшылдарда да сирек кездесетін терең ұғыну, Абай бұл ойды қазақ менталитетімен, кең далаға тән пейілділікпен, кең жүрекпен ұштастырып, оны дала философиясының болмысына айналдырды».
Шара аясында «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты дүниежүзілік поэзия антологиясының (қазақ және ағылшын тілдерінде), Ион Диаконескудің «Ол құс – Мен» романы (қазақ тілінде), Ұлықбек Есдәулеттің «Ақыннан сағат сұрама» атты румын тіліндегі кітабының, Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» кітабының тұсаукесері өткізілді.