― 9 сентября 2026 г.
Сайит Юсуф Солтүстік Македонияда мәдени ынтымақтастық пен Зия Гөкалп шығармашылы жайлы сөз қозғады
Арнайы іссапармен Солтүстік Македонияда жүрген Хал ықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф Солтүстік Македония Республикасының Мемлекеттік министрі әрі Түркі демократиялық партиясының төрағасы Зүлфикар Зейнуламен кездесті. Ортақ мәдени ынтымақтастық бағыттары мен «2026 – Зия Гөкалпты еске алу жылы» аясындағы іс-шаралар талқыланды.
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф Солтүстік Македониядағы іссапары аясында Мемлекеттік министр, Түркі демократиялық партиясының (TDP) төрағасы Зүлфикар Зейнуламен кездесті.
Ел ордасы Скопьеде өткен жүздесуде түркі әлемі мен Балқан аймағы арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған мекемеаралық ортақ жұмыс салалары сараланды. Солтүстік Македониядағы түркі қауымдастығымен ықпалдастықты арттыратын жаңа жобалар талқыланған кездесуде Сайит Юсуф ТҮРКСОЙ ретінде Балқандағы мәдени интеграциялық шараларға ерекше мән беретіндіктерін атап өтті.
Шынайы достық жағдайда өткен кездесудің негізгі тақырыптарының бірі — ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің шешімімен 2026 жыл «Зия Гөкалпты еске алу жылы» болып жариялануы және осы аяда өңірде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар болды.
Сайит Юсуф көрнекті ойшылдың туғанына 150 жыл толуына орай дайындалған және шетелдегі алғашқы қойылымы бүгін Гостиварда өтетін «Аспанға жазылған Альп» сахналық спектаклінің гастрольдік бағдарламасы туралы Зейнулаға мәлімет берді. Кездесуде Зия Гөкалптың мәдени мұрасын, тіл, ұлт және бірегейлік пайымын Балқан өңіріне таныту қос халық арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетіні айтылды.
Өз кезегінде Солтүстік Македония Мемлекеттік министрі Зүлфикар Зейнула ТҮРКСОЙ-дың өңірде жүргізіп жатқан мәдени дипломатиялық қызметін жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу және бауырлас халықтардың атамекенмен байланысын нығайту жолындағы кез келген мекемеаралық ынтымақтастық пен жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.