― 6 мая 2026 г.
Қазақстанда Илья Жақановтың 90 жылдығы тойланды
Атырау қаласында қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, жазушы, композитор, музыка зерттеушісі және публицист Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойына орай мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.
Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрында өткен іс-шараға аймақ басшылары, елшілер, зиялы қауым өкілдері және өнер саласының майталмандары қатысты.
Қазақстандық министрлер мен дипломаттардың жолдаған құттықтау хаттары оқылған бағдарлама аясында Илья Жақановтың өнер жолына арналған көрме таныстырылып, оның шығармалары орындалған концерт берілді.
Іс-шара барысында Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ, қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан өлшеусіз үлесі үшін Илья Жақановқа «ТҮРКСОЙ-дың Құрмет медалі» табысталды. Медальді өнер иесіне Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Нышанкүл Қаратаева салтанатты түрде табыс етті.