― 27 апреля 2025 г.
Хивада «II түркі әлемі мәдениет форумы» өтті
Өзбекстанда түркі әлемінің мәдениет қайраткерлері, ғалымдары мен өнер адамдары «II түркі әлемі мәдениет форумы» аясында бас қосты. Өзбекстан Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Хива қаласында өткен шараның ашылу рәсімі Өзбекстанның мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Әзербайжанның мәдениет министрі Адил Керимли, Қырғызстан мәдениет министрінің орынбасары Гүлбара Абдықадыкова, TҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, TҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ер, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының төрайымы Ақтоты Райымқұлова және Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаевтің құттықтау сөздерімен ашылды.
TҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев салтанатты ашылу сөзінде түркі әлемінің мәдени мұрасы мен ынтымақтастық әлеуетінің маңыздылығына тоқталып, түркі мәдениетінің ортақ мұрамыз және болашағымыз үшін әмбебап үміт көзі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Раев TҮРКСОЙ-дың соңғы уақытта жүзеге асырған жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, былай деді:
«Тарихы, өркениеті мен көне даналық қазынасымен түркі әлемінің ғылым мен мәдениет бесігі саналатын Өзбекстанда сіздермен бірге болу мен үшін үлкен мәртебе және қуаныш. 2023 жылы Қарабақтың інжу-маржаны Шушада Әзербайжанның ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген «І түркі әлемі мәдениет форумы» ортақ мәдениетіміздің қуатын және ынтымақтастығымыздың әлеуетін тағы бір мәрте айқын көрсеткен еді. Бүгін осы құнды форумның екінші кезеңін Өзбекстан Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткізіп отырғанымыз – мәдени ынтымақтастығымыздың тұрақтылығы мен орнықтылығының ең жарқын көрсеткіші. Осы жобаны бастаған Әзербайжанның мәдениет министрі Адил Керимли мырзаға, қадірлі қонақжай министріміз Озодбек Назарбеков мырзаға және форумды жыл сайын TҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің бірінде өткізу жөнінде шешім қабылдаған TҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің қадірлі мүшелеріне алғысымды білдіремін. TҮРКСОЙ ұйымы ретінде 30 жылдан астам уақыт бойы жүргізіп келе жатқан жобаларымыз барысында түркі дүниесінің ортақ болмысын өнерімізбен, тілімізбен, салт-дәстүрімізбен ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді басты міндетіміз деп білдік. Бас хатшылық қызметім барысында қысқа мерзімде бірқатар елеулі өзгерістерге қол жеткіздік деп ойлаймын. Бұл тұрғыда көптеген жаңа брендтік іс-шараларымыз іске асырылды. Мысалы, соңғы жылдары түркі дүниесінің кино саласындағы ынтымақтастығын арттыру және ортақ мәдени кодтарымызды бейнелейтін фильм өндірісін қолдау мақсатында «Қорқыт ата түркі әлемі кинофестивалін» мәдениет министрліктеріміздің қолдауымен табысты түрде институцияландырдық. Ортақ өнімдеріміз осы үдерістің ең маңызды нәтижелерінің бірі болды. Алғаш рет былтыр Түрікменстан мен Өзбекстанның бірлескен серіктестігімен дайындалып, Америка Құрама штаттарын қоса алғанда көптеген елде көрсетілген Махтумкулу Фираки туралы фильм көрерменге жол тартты. Алғаш рет Түрікменстанда кинофестиваль өткіздік. Қазір Қожа Насыр туралы фильміміз жарыққа шыққалы отыр. Сонымен бірге, мәдениет министрліктерімізбен бірлесіп, анимация саласында арнайы ынтымақтастық жобасын бастағалы отырмыз. Екіншіден, түркі дүниесінің ұлы тұлғаларын еске алу және оларды болашақ ұрпаққа таныту мақсатында жариялаған еске алу жылдарын жыл сайын ауқымды түрде өткізіп келеміз. Биыл Нұрғиса Тілендиев пен Бахар Ваһабзаденің бізге қалдырған мұрасын сақтау мақсатында көптеген ерекше іс-шаралар жоспарланып отыр. Осы орайда ғылыми жиындар, концерттер мен жарияланымдар арқылы көпқырлы мәдени еске алу жұмысын жүргізудеміз. Үшіншіден, сіздер білетіндей, түркі әлемінің мәдени астанасы бағдарламасы жыл сайын ауқымдырақ сипат алып келеді. 2023 жылы Шуша, 2024 жылы Анев қалалары мәдени шаралардың орталығына айналды, ал бірнеше апта бұрын Ақтауда өткізілген 120 мың адамның қатысуымен өткен ашылу салтанаты сөзсіз біздің табыс деңгейімізді тағы бір сатыға көтерді. Біз мәдени астана атанған қалаларға кең көлемді қолдау көрсететін ұйым болу мақсатымызды одан әрі жалғастырып келеміз. Төртіншіден, TҮРКСОЙ ұйымының институционалдық әлеуетін арттыру, жұмыс сапасын көтеру үшін мәдениет пен өнер салалары бойынша кәсіби мамандандырылған кеңестер мен бірлестіктер құрдық. Бұл кеңестер арқылы театрдан музыкаға, музей ісінен әдебиетке дейін көптеген жаңа жобалардың және ынтымақтастықтардың пайда болуына жол аштық. Бүгінгі кездесу аясында сіздерді осы үрдіске үлес қосуға тағы бір мәрте шақырамын», - деді Раев.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген Сұлтан Раев сондай-ақ Өзбекстанның Әлішер Науаиден бастап Имам Матуриди секілді ұлы тұлғаларымен түркі-ислам өркениетіне жетекшілік еткен ғылым мен мәдениеттің орталығы болғанын еске салып, осы көне мұраны болашаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.
Бас хатшы Сұлтан Раев өз сөзін әйгілі қазақ ақыны Ұлықбек Есдәулетовтың өлең жолдарын келтіре отырып аяқтады:
« Көк бөрілі көк байрақ көкке шықса,
Қай дұшпанның алдында іркілерміз?
Біз - түркілерміз!
Біз - түркілерміз!!
Біз - түркілерміз!!!», - деп сөзін түйіндеді Бас хатшы Раев.
«II түркі әлемі мәдениет форумы» жоғары деңгейде өтті
«II түркі әлемі мәдениет форумының» салтанатты ашылу отырысына «Чанаккале Онсекіз Март университетінің» ректоры профессор, доктор Жүніт Ереноғлу (Түркия), Эгей университетінің ректоры профессор, доктор Недждет Будак (Түркия), Анкара Музыка және көркемөнер университетінің ректоры профессор, доктор Ерхан Өзден (Түркия), Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің Авторлық құқықтар бас директоры Еркін Йылмаз (Түркия), MESAM төрағасының орынбасары Селим Чалдырған, ҚазҰӨА (Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) ректоры профессор, доктор Арман Жүдебаев (Қазақстан), Өзбекстандағы Алишер Науаи атындағы мемлекеттік әдебиет музейінің директоры профессор, доктор Жаббор Эшонқұлов (Өзбекстан), Әзербайжанның Мугам орталығының директоры профессор, доктор Джаһиб Пашазаде (Әзербайжан), Оңтүстік Корея Еуразия зерттеу институтының директоры доктор Ынкён О (Корея Республикасы), Қырғызстан Манас академиясының төрағасы Азиз Биймырза уулу (Қырғызстан), және Татарстан Татар мәдениет қоғамы қорының директоры доцент, доктор Рифат Фаттахов (Ресей Федерациясы) сияқты есімдер қатысты.
Форум бағдарламасы аясында қатысушылар күн бойы өткен отырыстарда баяндамаларын жасады. Бұл отырыстарда қазіргі заманда түркі мемлекеттерінің мәдениет және өнер саласындағы ортақ ұстанымдары, мәдени мұраны цифрландыру сынды өзекті мәселелер қаралды. Отырыстарға түркі әлемінен кең көлемде қатысу болды. Форум барысында сонымен қатар түрлі елдерден келген мамандар шеберлік сабақтарын өткізді, халықаралық ұйымдар мен университеттер арасында ынтымақтастық туралы келісімдер мен өзара түсіністік меморандумдарына қол қойылды.