― 20 июня 2026 г.
Халықаралық Ыстықкөл форумында жалпы отырыстар өтті
Қырғызстанда әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың бастамасымен құрылған және биыл 40 жылдығы атап өтіліп жатқан Халықаралық Ыстықкөл форумы аясындағы іс-шаралар жалғасуда.
Форумның 19 маусымдағы бағдарламасы шеңберінде Қырғыз Республикасы Президентінің №2 Мемлекеттік резиденциясында жалпы отырыстар ұйымдастырылды.
Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Арслан Қойчиев модераторлық еткен алғашқы бөлімге Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қазақстан, Қытай және Румыниямен қатар Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының өкілдері қатысты. Отырыста Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев сөз сөйлеп, қатысушыларға үндеу жолдады.
Рухани ояну толқыны Ыстықкөл форумынан басталды
Жалпы отырыста жасаған баяндамасында форумның тарихи әрі стратегиялық миссиясына тоқталған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Шығыс пен Батыс зиялыларының басын тұңғыш рет ортақ алаңда қосқан бұл бастаманың тек жаһандық мәселелерге шешім іздеумен ғана шектелмегенін атап өтті.
Раев: «Бұл платформа әлемнің саяси бағытын өзгертуге, қағидалар мен алдын ала қалыптасқан теріс түсініктерді жоюға, сонымен қатар жаңаша көзқарас әкеле отырып, Шығыс пен Батыс арасында мызғымас диалог орнатуға және жаһандық картаның қайта жасақталуына жол бастады. Осы жаңашыл идеялар мен рухани ояну толқынының дәл Ыстықкөл форумынан бастау алғанын бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы ерекше сезінуі тиіс», — деген ойын білдірді.
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мәмбеталиевтің жетекшілігімен өткен жалпы отырыстың екінші бөлімінде Қазақстан, Ұлыбритания, Италия және Қырғызстаннан келген белгілі ғалымдар, саясаттанушылар мен жазушылар түрлі тақырыптарда баяндама жасады.
Айтматовтың жалпыадамзаттық гуманизм тұжырымдамасы айрықша аталды
Форумның келесі отырыстарына Түркі академиясы, Тәжікстан Жазушылар одағы, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының өкілдері, сондай-ақ Испания, Қытай және Украинадан келген делегаттар қатысты. Бұл басқосуларда Шыңғыс Айтматовтың әлемдік әдебиеттегі орны, мәдениетаралық диалог және қазіргі дүниедегі адами құндылықтар төңірегінде пікір алмасылды.
Мінберге шыққан шешендер Шыңғыс Айтматовтың әлемдік деңгейдегі гуманизм шебері ретіндегі рөліне назар аударып, бұл форумның бейбітшілікті, өзара түсіністік пен жасампаз ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін халықаралық диалог алаңы екенін алға тартты.
Жер-жаһанның түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан Халықаралық Ыстықкөл форумы өз жұмысын 21 маусымға дейін Ыстықкөл жағалауында жалғастырады.