― 9 сентября 2026 г.
Гостиварда «Аспанға жазылған Альп» спектаклі алғаш рет сахналанды
Солтүстік Македонияның Гостивар қаласында Мәдениет және туризм министрлігі Мемлекеттік театрлар бас басқармасы тарапынан Зия Гөкалптың туғанына 150 жыл толуына орай «Аспанға жазылған Альп» спектаклі сахналанды. Айта кетейік, қойылым шетелде алғаш рет көрермен назарына ұсынылып отыр.
Осылаша түркі әлемінің көрнекті ойшылдарының бірі Зия Гөкалптың өмірі мен шығармашылық әлемін баяндайтын «Аспанға жазылған Альп» сахналық туындысы өнердің өрелі тілімен Балқандағы көрермендерге жол тартты.
Гостивар Мәдениет үйінде өткен әрі бұл туындының Түркиядан тыс жердегі алғашқы қойылымы болып табылатын шараға ресми тұлғалар мен өнерсүйер қауым ерекше ықылас танытты.
Іс-шараға Солтүстік Македония Мемлекеттік министрі Зүлфикар Зейнула, Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф, Македония Түркі азаматтық қоғам ұйымдары одағының (MATÜSİTEB) Бас төрағасы Тахсин Ибрахим, Halkbank AD Skopje Бас директоры Фатих Шахбаз, Скопье Юнус Эмре институтының (YEE) координаторы Юнус Дилбер және Халықаралық Визион университетінің негізін қалаушы ректоры Фадыл Ходжа қатысты.
Мәдениет және туризм министрлігінің ұсынысымен әрі ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің бірауыздан қабылдаған шешімімен 2026 жыл «Зия Гөкалпты еске алу жылы» болып жариялануы аясында дайындалған спектакль ойшылдың мәдениет, тіл, ұлт және бірегейлік пайымын театр сахнасына шығарды.
Дерья Озердің сценарийі бойынша дайындалып, Джем Сел режиссерлік еткен туындыда Зия Гөкалп бейнесін Анкара Мемлекеттік театрының артисі Мурат Кесим сомдады. Гөкалптың балалық шағынан бастап Республиканың құрылуына дейінгі рухани-парасат сапарын арқау еткен бұл шығарма ойшылдың өмірі арқылы қоғам түсінігін, болмыс жігерін және идеалын ғылыми-көркем тұрғыдан саралайды.
Мемлекеттік театрлар бас басқармасы, Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы және Юнус Эмре институтының серіктестігімен, сондай-ақ MATÜSİTEB, Скопье Түркі театры және Halkbank колдауымен ұйымдастырылған бұл қойылым Зия Гөкалптың мәдени мұрасын Балқан өңіріне танытып қана қоймай, Түркия мен Солтүстік Македония арасындағы мәдени байланыстарды өнер арқылы одан әрі нығайтуға сүбелі үлес қосты.