Ekran Resmi 2026-03-21 23.04.19
21 марта 2026 г.

Газиантепте «Наурыз» тойланды: Президент Ердоғаннан бірлікке үндеу

21 марта 2026 г.

Газиантепте «Наурыз» тойланды: Президент Ердоғаннан бірлікке үндеу

«AK Parti» түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасы және ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен, сондай-ақ Газиантеп облысы әкімдігінің қолдауымен өткен «Наурыз – жаңа күн» мерекесі тойланды. «Камил Ожак» спорт залында ерекше көңіл күймен өткен «Наурыз» биыл Ораза айтпен тұспа-тұс келіп отыр.

Түркі әлемі Газиантепте бас қосты

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен ұйымдастырылған шараға Газиантеп облысының әкімі Кемал Чебер, «AK Parti» төрағасының орынбасары әрі түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі басшысы Күршад Зорлу, Газиантеп қаласының әкімі Фатма Шахин, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, сондай-ақ депутаттар, елшілер мен қала тұрғындары қатысты.

Бағдарлама  басында Мемлекеттік Әнұран орындалып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Кейін «Наурыз»мерекесінің мән-маңызы туралы бейнеролик көрсетілді.

Президент Ердоғаннан бейнеүндеу

Бағдарламаға бейнежолдау арқылы қатысқан Режеп Тайып Ердоған «Наурыз» мерекесі көктемнің жаршысы әрі табиғаттың қайта жаңғыруының символы екенін атап өтті.

«Наурыз сыйлаған көктем шуағы жүрекке үміт, қоғамға тыныштық, әлемге бейбітшілік әкелсін деп тілеймін. Осы орайда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы жәнеМажарстандағы барлық дос әрі бауырлас халықтарды «Наурыз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», – деді ол.

Сондай-ақ Президент Ердоған 2026 жылы Түркияның «Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитіне» төрағалық ететінін мәлімдеді.

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Раев: «Наурыз – ортақ мерекеміз»

Шара барысында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Наурыздың мыңжылдық тарихы бар мереке екенін атап өтті:

«Наурыз – түркі әлемінің ортақ мерекесі. Бұл – ең көне, тамыры терең мерекеміз. Табиғат пен жер жаңарып, көктейді. Адам жаны да табиғатпен бірге жаңғырады. Бұл тек маусым ауысуы емес, бұл – қайта түлеу. Үміт. Береке. Бірлік»,  – деді ол.

Раев ТҮРКСОЙ-дың бастамасымен Наурыз ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілгенін және БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан 21 наурыздың «Халықаралық Наурыз күні» деп жарияланғанын еске салды.

Ол сөзін қазақтың белгілі ақыны Ұлықбек Есдәулеттің мына бір жыр жолдарымен аяқтады:


Біз – түркілерміз...
Біз – түркілерміз! 
Көк тәңірден көңілге нұр тілерміз, 
Көк аспандай әлі де күркірерміз. 
Көк бөрілі көк байрақ көкке шықса, 
Қай дұшпанның алдында іркілерміз!

Раев барша түркі әлемін «Наурыз» мерекесімен құттықтады.

Фатма Шахин: «Бұл от бейбітшілік әкелсін»

Газиантеп қаласының әкімі Фатма Шахин өз сөзінде Наурыздың бірлік пен ынтымақты нығайтатын маңызын ерекше атап өтті:

«Құрметті Президентіміздің бастамасымен бүгін «Камил Ожак» стадионында Наурыз отын лаулаттық. Бұл жалынбарлық жамандықты жойып, соғыстарды тоқтатып, игілікті істердің бастауына айналсын. Бұл от бейбітшілік әкеліп, балалар қаза таппайтын жаңа әлемнің іргесін қаласын», – деді ол.

Шахин Газиантеп қаласының «бірліктен күш туындайды» қағидатына негізделген үлгі екенін атап өтіп, Наурыз рухының осы құндылықтарды дәріптейтінін жеткізді.

Сонымен қатар, Ораза айттың да осы күндерге сәйкес келгенін еске салған қала әкімі: «Біз Рамазан айын шығарып салып, Наурызбен бірге қос мерекені атап өтудеміз. Бұл мерекелер бірлігімізді нығайтып, елімізге тыныштық, әлемге бейбітшілік әкелсін», – деді.

Күршад Зорлу: «Наурыз – қауышу мерекесі»

«AK Parti» төрағасының орынбасары Күршад Зорлу бұл мейрамның халықтың тарихи жадын және мәдени сабақтастығын бейнелейтін мереке екенін атап өтті:

«Наурыз – бөлінудің емес, бірігудің, жатсынудың емес, ортақ құндылықтарда тоғысудың мерекесі. Халқымызды бөлгісі келетіндер әр дәуірде болған. Алайда олар қандай әрекет жасаса да, халқымыздың бірлік рухын әлсірете алмайды», – деді ол.

Күршат Зорлу Президент Ердоғанға Наурыздың ресми мәртебе алуына және түркі мемлекеттерінің ортақ мерекесіне айналуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Мәдени думан

Ресми сөздерден кейін Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркиядан келген өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары ұсынылды.

Іс-шара аясында Түркі әлеміне тән қолөнер көрмелері, ұлттық киіз үйлер мен шатырлар тігіліп, түркі халықтарының ұлттық тағамдары ұсынылды. Сонымен қатар, Наурыз оты жағылып, «Наурыз семениі» рәсімі өткізілді.

Медиа галереясы

038A4195.JPG
038A3796.JPG
038A4478.JPG
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.50
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.51 (1)
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.51 (2)
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.52 (1)
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.52 (2)
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.52
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.53 (1)
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.53
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.54 (1)
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.54 (2)
WhatsApp Image 2026-03-22 at 11.22.54
IMG_6165.JPG
WhatsApp Image 2026-03-21 at 20.56.05
WhatsApp Image 2026-03-21 at 20.56.05 (1)
WhatsApp Image 2026-03-21 at 23.39.44 (1)
WhatsApp Image 2026-03-21 at 23.39.44 (2)
WhatsApp Image 2026-03-21 at 23.39.44

© 2022 TÜRKSOY - Барлық құқық сақталған