― 10 сентября 2026 г.
«Дархан даланың дара дауысы»: Анкарада Манарбек Ержановты еске алу кеші өтті
Анкарада Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі әрі Қарағанды облысы әкімдігімен бірлесіп, Қазақстанның Халық артисі, қазақтың көрнекті әншісі, домбырашысы, композиторы әрі актері Манарбек Ержановтың туғанына 125 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың ұйытқы болуымен ұйымның бас ғимаратында өткен шараға Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі әрі Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Еркебұлан Сапиев, Әзербайжанның Анкарадағы Елшісі Решад Асланов, Қырғызстанның Анкарадағы Елшісі Руслан Казакбаев, Түркіменстанның Анкарадағы Елшісі Мекан Ишангулиев, Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы, Қазақстанның бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі жазушы Серік Ақсұңқарұлы және Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестіктің басшысы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов қатысты.
Раев: «Ержановтың өнері қазақ даласының дыбысын бейнеледі»
Іс-шараның ашылуында және дөңгелек үстел отырысында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев бұл күні тек заңғар өнерпаздың мерейтойын атап өтіп қана қоймай, сонымен бірге қазақ халқының дәстүрлі өнеріне және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани түсінігіне құрмет көрсетіп жатқандарын білдірді.
Манарбек Ержановтың қазақ халқының өнері мен мәдени өмірінде ерекше орын алатынын баса айтқан Раев: «Оның өнері қазақ даласының кең кеңістігін, халықтың қуанышы мен қайғысын, арманы мен рухани болмысын айшықтады», — деп баға берді. Мәдениет пен өнердің түркі халықтарының басын қосатын ең қуатты салалардың бірі екеніне назар аударған Раев: «Музыка — осы ортақ түсініктің ең пәрменді тасымалдаушысы. Түркі әлемінің түкпір түкпірінде шырқалған әуендер, түрлі мақамдар, түптеп келгенде, ортақ тамырымызды еске салады», — деді.
Елші Сапиевтің мәдени ықпалдастық туралы пайымы
Бағдарламада сөз алған Қазақстанның Анкарадағы Елшісі Еркебұлан Сапиев Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетуде мұндай еске алу іс-шараларының маңызы зор екенін атап өтті. Елші Сапиев: «Манарбек Ержанов сияқты ортақ құндылықтарымыздың Анадолы төрінде ұлықталуы мен танытылуы екі бауырлас халық арасындағы рухани сабақтастық пен мәдени интеграцияны одан әрі нығайта түседі», — деді.
Жиында сөз алған Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы Ержановтың қазақтың домбыра өнерінде өзіндік өшпес із қалдырғанын айтып, осындай іс-шаралардың Сарыарқа мен Анадолы арасында алтын көпір орнататынын жеткізді. Өтелбайұлы: «Сарыарқадан Анадолыға ұласқан бұл өнер жолы ешқашан үзілмесін», — деген тілегін білдірді.
Сонымен қатар, еске алу кешінде қазақстандық ақын әрі жазушы Серік Ақсұңқарұлы ұлы өнерпаздың рухына арнап жазған «Манарбек Ержановтың дәуірі туралы баллада» атты өлеңін оқып берді.
Дала сазы Анкарада асқақтады
Шараның концерттік бөлімінде Қазақстаннан арнайы келген Қарағанды облысының «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі сахнаға шығып, байырғы қазақ музыка дәстүрінің озық үлгілерін елордалық өнерсүйер қауымға ұсынды. Ансамблмен бірге өнер көрсеткен Сержан Мұсайын, Нұрлытаң Саятқызы және Гүлмира Тапай сияқты шебер орындаушылардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Манарбек Ержановтың өнер жолын баяндайтын деректі фильм көрсетілімінен кейін мерекелік марапаттау рәсімі өтті. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Дүйсен Қасейіновке, Ғалымжан Өтелбайұлына, Серік Ақсұңқарұлына және Талғат Ыдырысовқа қолдаулары мен қосқан үлестері үшін алғыс хаттар мен ескерткіш тақташаларды салтанатты түрде табыс етті.