― 22 августа 2026 г.
Будапештте «XX ТҮРКСОЙ фотографтар кездесуі» өз мәресіне жетті
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын фотоөнер арқылы таспаға түсіріп, сақтау мақсатында ұйымдастырған «XX ТҮРКСОЙ фотографтар кездесуі» Венгриядағы 11 күндік далалық түсірілім жұмыстарынан кейін елорда Будапештте ашылған «Мерейтойлық көрмемен» өз мәресіне жетті.
Венгрияда ТҮРКСОЙ және «Лакителек» қорының ұйымдастыруымен 12-22 тамыз аралығында өткен бұл шара түркі әлемінің түрлі елдері мен аймақтарынан келген 13 фотосуретшінің басын қосты. Бағдарлама барысында суретшілер Венгрияның тарихи әрі мәдени мұрасын, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен табиғи мекендерін фотоға түсірді.
Табиғатта түсірілген туындылардан құралған ««XX ТҮРКСОЙ фотографтар кездесуінің» мерейтойлық көрмесі Будапешттегі «Art Bridge» (BAB) галереясында дипломатия, мәдениет және өнер өкілдерінің қатысуымен көрерменге жол тартты.
«Мәдени мұра өнер арқылы келешек ұрпаққа аманатталады»
Көрменің салтанатты ашылуында Өзбекстанның Будапешттегі Төтенше және Өкілетті елшісі Айбек Шахавдинов, Өнер редакторы әрі Венгрия Ұлттық музейінің бұрынғы Бас директоры Ласло Л. Шимон (László L. Simon) және «XX ТҮРКСОЙ фотографтар кездесуінің» Венгриядағы координаторы, Венгрия ақпарат агенттігінің (MTI) фототілшісі Шандор Уйвари (Sándor Ujvári) сөз сөйлеп, фотоөнердің мәдени түсінікті сақтаудағы айрықша рөліне тоқталды.
Сөйленген сөздерде бұл жобаның 20 жыл бойы түрлі аймақтардан келген суретшілердің басын ортақ платформада тоғыстырудың маңызын, түркі әлемі мен Венгрия арасындағы тарихи байланыстардың өнер арқылы нығая түскенін негізге алды.
Ашылу бағдарламасында Андраш Мате Оноди (András Máté Ónodi) венгерлердің дәстүрлі «текеролант» (tekerőlant) аспабында ойнаса, Богларка Фехер (Boglárka Fehér) вокалдық шеберлігін көрсетіп, қобызда өнер көрсетті.
Венгрияның мәдени мұрасы түркі әлемі суретшілерінің объективінде
Фотосуретшілер 11 күн бойы Венгрияның түрлі аймақтарында түсірілім жұмыстарын жүргізді. Будапешттің сәулеттік келбетінен бастап Паннонхалмаға дейін, Калочаның дәстүрлі қолөнерінен Хортобадь дала мәдениетіне дейінгі кеңістіктер таспаланды.
Бугацта өткен «Үлкен ғұн-түркі құрылтайындағы» атты әскер шерулері, дәстүрлі киімдер мен салтанатты рәсімдер, сондай-ақ БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Холлокё тарихи ауылы суретшілер таспасына басылды.
Бұдан бөлек, Пентезуг жабайы жылқы қорығында табиғи ортада өмір сүретін Пржевальский жылқылары мен аймақтағы дәстүрлі шопан тұрмысы да фотосуретке түсірілді.
20 жылдық көрнекі туындылар тың архивпен толықтырылды
Бұл кездесуге Әзербайжаннан Рауф Умудов, Қазақстаннан Асылхан Әбдірайым, Дәурен Мұхамеджанов, Алмас Әлімжанов және Ернұр Манапхан, Қырғызстаннан Алимжан Жоробаев, Өзбекстаннан Рустам Шарипов, Түркиядан Мухаммед Кадри Байрам мен Илькин Эскипехливан, Венгриядан Шандор Уйвари, Солтүстік Кипр Түрк Республикасынан (СКТР) Гирай Карахасан мен Мехмет Гекйигит және Ресей Федерациясына қарасты Башқұртстаннан Елена Болдырева қатысты.
ТҮРКСОЙ-дың ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан іргелі жобаларының бірі — фотографтар кездесуі 20 жыл бойы түркі әлемінің мәдени мұрасы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігін құжаттандыру арқылы ауқымды көрнекі архив қалыптастырып келеді. Венгриядағы бұл кездесу аталған архивті осы аймақта жасалған жаңа туындылар жинағымен толықтырды.