― 25 августа 2026 г.
Бішкекте «Ырыс Ордо» конгресс орталығы ашылды
Президент Садыр Жапаров: «Жаңа Қырғызстан бір адамның немесе бір биліктің емес, бәріміздікі, бүкіл халықтікі!»
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Бішкектегі «Ырыс Ордо» Мемлекеттік конгресс орталығының салтанатты ашылуына қатысты.
Президент «Ырыс Ордо» ғимаратына жаңа дәуірдің бастауын және жолдың ашық болуын тілейтін байырғы дәстүрді бейнелеп, ғимараттың лентасын қиып, іс-шараға қатысушылар жиналған «Құрылтай» залына өтті. Залда парламент, Министрлер кабинеті және сот жүйесінің басшылары, министрлер, дипломатия өкілдері, бұрынғы мемлекет басшылары мен үкімет мүшелері, дін, мәдениет және спорт қайраткерлері мен басқа да сыйлы қонақтар болды.
Президент қатысушыларға арнаған сөзінде бұл күннің тарихи маңыздылығын атап өтті. «Ырыс Ордо» елдің өсіп келе жатқан әлеуетін, дамуға деген ұмтылысын және болашаққа бағытын көрсететін заманауи Қырғызстанның жаңа символына айналғанын білдірді.
Президент халық бірлігі мемлекеттің гүлденуі мен дамуының негізгі діңгегі екенін айтып, былай деді:
«Жаңа Қырғызстан бір адамның немесе бір биліктің емес, бәріміздікі, бүкіл халықтікі! Ынтымағы жарасқан, рухы биік, жарқын болашағына сенетін берекелі елді бірге құрайық!»
Бұдан бөлек, Президент Қырғызстанның халықаралық аренадағы рөлінің артып келе жатқанына ерекше тоқталып, бұл елде ірі халықаралық шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік беретін кешендердің болуын талап ететінін жеткізді. Осы орайда «Ырыс Ордо» халықаралық дипломатия мен ауқымды іс-шаралардың жаңа орталығына айналатынын айтты.
Президент сөзін одан әрі былай жалғастырды:
«Ырыс Ордо» конгресс орталығында әлемдік саясаттың күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелер талқыланатын Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Түркі Мемлекеттері ұйымы және басқа да ірі халықаралық ұйымдардың көшбасшылар саммитіне, ғаламдық форумдар өтетін болады. Мұндай ауқымды іс-шараларды өткізу арқылы Қырғызстанның халықаралық беделі мен геосаяси бейнесі артады. Орталық Азияның жүрегінде орналасқан еліміз маңызды шешімдер қабылданатын халықаралық дипломатияның жаңа орталығына айналады».
Сондай-ақ Президент мына сөздерді тілге тиек етті:
«Бүгінде еліміз ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды өз бетінше жүзеге асыра алатын деңгейге жетті. Бұның қадірін білуіміз керек. Бұл – Қырғызстанның өз күші мен ресурстарына сүйене отырып, тәуелсіз түрде дамып жатқанының тікелей дәлелі».
Садыр Жапаров қырғызстандықтарды әлем назарын аударатын алдағы ірі шараларды, әсіресе, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына лайықты түрде өткізуге шақырды:
«Осы сәтті пайдалана отырып, жұдырықтай жұмылған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұлт екенімізді тағы бір мәрте дәлелдейік және алдағы халықаралық іс-шараларды бәріміз бірге ең жоғары деңгейде, мықты логистика, қауіпсіздік пен сапалы қызметпен, ойындарды әділ түрде өткізейік. Қырғыз жеріне аяқ басқан әрбір қонақты лайықты түрде қарсы алып, күллі әлемге қырғыз халқының қонақжайлылығын, байырғы мәдениетіміз бен бай дәстүрлерімізді көрсету мүмкіндігін тиімді пайдаланайық», – деді ол.
Заманауи көпфункционалды «Ырыс Ордо» Конгресс орталығы
39 мың шаршы метрден астам аумаққа салынған конгресс орталығы бір уақытта 2 мыңнан астам қонақты қабылдауға қауқарлы.
Орталық құрамында 1238 орындық «Құрылтай» конференция залы, 1000 орындық банкет залы, 235 орындық баспасөз залы және жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздерге арналған заманауи залдар бар.
«Ырыс Ордода» Халық құрылтайының жиындары, мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесулер, ірі халықаралық форумдар мен ел үшін маңызды әлеуметтік және мәдени іс-шаралар өткізіледі.
Кешеннің ашылуына дипломаттар, халықаралық ұйым басшылары және Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев та қатысты.