― 24 октября 2025 г.
Бішкекте «ТҮРКСОЙ жастар кездесуі» аясында «II Түркі әлемі жастар форумы» өтті
2025 жылдың 24 қазанда Қырғызстан астанасы Бішкек қаласындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетіндеХалықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының ұйымдастыруымен өтетін «ІІ Түркі әлемі жастар форумы» өтті.
ТҮРКСОЙ-дың «Жастар кездесуі» бағдарламасы аясында өткізілген форумға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және түрлі түркі халықтарынан келген жастар қатысты. Шараның салтанатты ашылуына елшілер, ғалымдар, мекеме өкілдері мен жастар қатысты.
Ашылу рәсімдері
Бағдарламаның ашылуында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің ректоры профессор доктор Доґдурбек Чонтоев сөз сөйлеп, университеттің 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген бұл маңызды жылы түркі дүниесі жастарын Бішкекте қарсы алу – зор қуаныш екенін айтты.
Одан кейін мінберге көтерілген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев түркі дүниесі жастарының ортақ мұраттар төңірегінде бірігуінің маңыздылығына тоқталып, былай деді:
«Бүгін біз тек форум өткізіп отырған жоқпыз. Түркі дүниесінің болашағына жаңа парақ ашып отырмыз. Әлем күрделі кезеңдерден өтіп жатқан шақта, біз ортақ тарихымыздан алған шабытпен болашақты бірге құру үшін жиналдық. Бұл форум – түркі жастарының ой, ғылым және мәдениет жағынан басымызды бір арнаға тоғыстырмақ. Біз ортақ тамырымызды сақтап, бір-бірімізді тереңірек танып, түркі бірлігі мен бауырластығын нығайтуымыз қажет», – деді Бас хатшы.
Сондай-ақ, Сұлтан Раев өз сөзінде жастардың ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуі түркі дүниесінің болашағы үшін үлкен қуат көзі екенін айтып, «Болашақ – сенсің! Болашақ – бізбіз!» деп жастарға жігерлі үндеу жолдады.
Ашылу рәсімінде сондай-ақ Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары Марат Төлөмүшов, Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрінің бірінші орынбасары Айбек Өзбекович Чотонов және Түркия «Мәрияф» қоры басқарма төрағасының орынбасары профессор доктор Ахмет Емре Билгили де сөз сөйледі. Спикерлер түркі дүниесі жастарының өзара ынтымақтастығы мен ортақ болашаққа бағытталуы мәдени, ғылыми және қоғамдық даму тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Форумның шақырылған қонағы
Ашылу салтанатынан кейін Ахмет Жәвад институтының төрағасы, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің 25-26 шақырылым депутаты Рухи Эрсой форумның арнайы қонағы ретінде жастарға арнап сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасы мен ұлттық санасын нығайту мәселесіне тоқталып, жастарды ойлануға, ізденуге және бірлесе әрекет етуге шақырды.
ТҮРКСОЙ-дың жастарға арналған көзқарасы
ТҮРКСОЙ жүзеге асырып отырған «Түркі дүниесі жастар форумы» түркі дүниесі жастары арасындағы мәдени, ғылыми және зияткерлік өзара байланыстарды арттыруды, ортақ сана мен құндылық бірлігін қалыптастыруды мақсат етеді.
Былтыр Алматыда өткен алғашқы кездесуден кейін, биыл Бішкекте ұйымдастырылған форум түркі дүниесі жастары арасында тұрақты байланыс пен ынтымақтастық желісін құруды көздейді. Бұл бастамаға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың өзі ерекше мән беріп, тікелей бақылауында ұстайды.