― 2 мая 2025 г.
Бас хатшы Раев: «Біз түркі әлемін өнердің әмбебап тілімен қауыштырамыз»
Анкарада 1 мамыр күні Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы мен Хаджеттепе университетінің ұйымдастыруымен өткен Халықаралық «Түркі әлемі мемлекеттік балет мектептерінің фестивалінің» гала-кеші өтті. Фестивальдің жабылу кешінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркиядан келген жас балет әртістері түркі әлемінің мәдени байлығын паш етті. Кеш барысында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев өнердің біріктіруші күшіне назар аударды.
Раев: «Бұл фестиваль – мәдени ынтымақтастықтың нышаны»
Сұлтан Раев сөз басында фестивальге қатысқан әртістерге, мекеме өкілдері мен көрермендерге алғысын білдіріп, бұл шараның жай ғана би фестивалі емес екенін ерекше атап өтті. Ол:
«Бұл ерекше шара – балет өнерінің ғажайып әлемін тануға әрі түркі әлемінің бай мәдени мұрасын ұлықтауға арналған аса құнды платформа. Біздің фестиваль — өнердің әмбебап тілі арқылы түрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді тоғыстырып отырған арна», — деді.
Жас әртістерге халықаралық сахна
Раев фестивальдің түркі әлемінің түрлі аймақтарынан келген жас өнерпаздарға халықаралық деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік бергенін айтты:
«Биыл фестивальде дарынды балет әртістеріміз классикалық және заманауи шығармалармен сахнаға шықты. Жастарымыз балет өнерінің техникалық шеберлігін де, мәдени әр алуандығымызды да көрсете білді», — деді.
ТҮРКСОЙ жас өнерпаздарға өзін таныта алатын халықаралық алаңдар ұсынуды жалғастырады
Фестивальдің тек өнер мерекесі ғана емес, сонымен қатар мәдени дипломатия құралы екенін атап өткен Сұлтан Раев мұндай іс-шаралардың түркі әлемі халықтары арасындағы мәдени байланыстарды нығайтатынын айтты. Раев:
«ТҮРКСОЙ ретінде біз жас өнерпаздарға өздерін еркін жеткізе алатын халықаралық платформалар ұсынуды жалғастырамыз. Өнер — ортақ болмысымыздың да, болашаққа бағытталған бірлігіміздің де жаршысы», — деді.
Сөзінің соңында Раев бұл бастаманың жүзеге асуына атсалысқан барлық әртіс пен мекемелерге алғысын білдіріп:
«Барлығымыздың басымыды қосуға себеп болған мекемелерге және ерінбей еңбек еткен өнерпаздарымызға алғыс айтамын. Сонымен қатар, Хаджеттепе университеті Анкара мемлекеттік консерваториясының директоры, профессор доктор Метмн Мунзурға және оның құрметті ұжымына көрсеткен қонақжайлығы мен үлестері үшін ТҮРКСОЙ атынан ризашылығымды білдіремін», — деді.
Метин Мунзур: «Біз өнер арқылы ортақ болашақ қалыптастырып жатырмыз»
Гала кеште сөз алған Хаджеттепе университеті Анкара мемлекеттік консерваториясының директоры, профессор доктор Метин Мунзур да фестивальге үлес қосқандарға алғыс айтып:
«Түркі әлемінің түрлі өңірлерінен келген консерватория мектептерін осында қарсы алу біз үшін үлкен қуаныш», — деді.
Профессор Мунзур сөзінде бұл фестивальдің жас әртістер үшін бірегей тәжірибе арнасы екенін айтып:
«Хаджеттепе университеті Анкара мемлекеттік консерваториясы ретінде, Мұстафа Кемал Ататүріктің өнерге берген маңызын терең сезіне отырып, 89 жылдан бері, бүгін де, жас таланттардың жанында болуды жалғастырып келеміз», — деп атап өтті.
Гала кеште төмендегі өнер және білім қайраткерлеріне алғыс хат пен марапат табысталды:
- Әзербайжан – Баку хореография академиясы ректор орынбасары Тарана Мурадова
- Қазақстан – Ұлттық хореография академиясының ректоры доктор Бибігүл Нүсіпжанова
- Алматыдағы А. Селезнев атындағы хореография мектебінің директоры Тоғжан Карменова
- Қырғызстан – Ч. Базарбаев атындағы Бішкек хореография мектебінің көркемдік жетекшісі Аида Ахмадалиева
- Өзбекстан – Мемлекеттік хореография академиясының ректоры Шухрат Тоқтасимов
- Түркия – Анталия мемлекеттік консерваториясы (Ақдениз университеті) – Селин Инан
- Чукурова университеті мемлекеттік консерваториясы – Керем Өзжан
- Докуз Эйлюл университеті мемлекеттік консерваториясы – Айча Беркман
- Стамбұл университеті мемлекеттік консерваториясы – Мурат Куртулмуш
- Мерсин университеті музыка және сахна өнері факультеті – Ягмур Арынлы
- Мимар Синан көркем өнер университеті Стамбул мемлекеттік консерваториясы – Айшин Күчүкүчерлер
- Хажеттепе университеті Анкара мемлекеттік консерваториясы балет кафедрасының меңгерушісі Өзлем Мерт
Фестиваль туралы жалпы мәлімет
2023 жылы ұлттық деңгейде бастау алған және Түркиядағы классикалық балет оқытатын бес консерваторияны біріктірген бұл фестиваль биыл халықаралық деңгейге көтерілді. Бес күнге созылған шеберлік сабақтары мен бірлескен дәрістерден кейін гала кешімен аяқталған фестиваль оқытушылар арасындағы тәжірибе алмасу мен мекемелер арасындағы ынтымақтастыққа үлкен үлес қосты.
Тарихи сахна — Анкара мемлекеттік консерваториясы
Түркия Республикасының ең іргелі өнер ордаларының бірі саналатын Анкара мемлекеттік консерваториясы 1936 жылдан бері өнер саласындағы білім берудің көшбасшысы болып келеді. Хаджеттепе университетінің құрылымында жұмыс істейтін бұл мекеме 2025 жылғы 6 мамырда өзінің 89 жылдығын атап өтуге дайындалып жатыр.