― 25 августа 2026 г.
Асылхан Әбдірайым «ТҮРКСОЙ фотографтар одағының» төрағасы болып сайланды
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы жанынан құрылған Түркі әлемі фотографтар одағының төрағалығына әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, танымал фотожурналист Асылхан Әбдірайым сайланды.
Түркі әлемінің фотографтарының басын қосқан одақ түркітілдес мемлекеттердің фототілшілері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуды және ортақ тарихи-мәдени мұраны фотоөнер арқылы әлемге танытуды мақсат етеді. Осы орайда ұйым халықаралық фотокөрмелер ұйымдастырып, ортақ этнографиялық зерттеу жобаларын жүргізеді, фотоальбомдар шығарады және жас мамандарға арналған шеберлік сабақтарын өткізеді.
Фотожурналистика саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар
Асылхан Әбдірайым ұзақ жылдар бойы «Атамекен», «Заң», «Жас Алаш» газеті сияқты ұлттық басылымдарда, «Қазақстан әйелдері», «Парасат» журналдарында және «Жеті жарғы» баспасында еңбек етті.
Асылхан Әбдірайым — Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және «Алтын жұлдыз» жүлдесінің иегері, сондай-ақ «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері».
2010 жылдан бері «Фотоөнер» Қазақстан фототілшілерінің қоғамдық бірлестігін басқарып келе жатқан ол елімізде фотоөнердің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Сонымен қатар Асылхан Әбдірайым жас мамандарды кәсіби баулуға арналған «Фотожурналистика» оқулығы мен «Қазақ баспасөзінің фотошежірелері» атты фотоальбомның авторы.