― 4 мая 2026 г.
Ашхабадта «ТҮРКСОЙ опера күндері» аясында композитор Уәли Мухадов еске алу кеші өтті
2026 жылдың 2 мамырында Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында «ТҮРКСОЙ опера күндері» аясында түрікмен композиторы Уәли Мухадовтың 110 жылдық мерейтойына арналған еске алу концерті өтті.
Түрікменстан Мемлекеттік мәдениет орталығының Мұқамдар сарайында өткен бағдарламаға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, түрікмен билік өкілдері мен Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген опера әншілері қатысты.
Сұлтан Раев: «Уәли Мухадов — ортақ мәдени жадымыздың маңызды бөлшегі»
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев жиында сөйлеген сөзінде Уәли Мухадов шығармашылығының түркі әлемі үшін маңыздылығына тоқталды. Сұлтан Раев композитордың мұрасы ортақ тамырымызды еске сала отырып, болашаққа мәдени бағдар беретінін атап өтті:
«Уәли Мухадов — жергілікті нақыштарды әлемдік музыка формалармен тоғыстырып, түркі әлемінің музыка тарихында жаңа белес ашқан тұлға. Түркі әлемінің өнеріне өзіндік қолтаңба қалдырған. Мұндай шаралар тек еске алу ғана емес, түркі әлеміне мүше елдер арасындағы рухани байланысты нығайтатын стратегиялық орта болып табылады. Осынау мазмұнды кеш – халықтарымыздың бірлігі мен ынтымағын өнер арқылы байланыстыра түспек».
Музыкалық бағдарлама
Салтанатты кеш Түрікменстан Мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен шырқалған «Менің Отаным» атты симфониялық шығармамен басталды. Бағдарлама барысында Уәли Мухадовтың төмендегі операларынан үзінділер сахналанды:
- «Зуһра мен Таһир»;
- «Кемине мен Қазы»;
- «Қанды Сақа».
Кеште Әзербайжаннан келген өнерпаздар «Шур» мақамынан үзінді, композитор Тофиг Гулиевтің «Қандай бақытты» (Ne Bahtiyardır) туындысын және Мухадовтың «Ашхабад» әнін орындады. Сонымен қатар «Жаным, Түрікменстан!» шығармасы шырқалып, кеш соңында барлық өнерпаздың қатысуымен «Ғашықтар қаласы» әні айтылды.
Уәли Мухадов (1916–2005) туралы
- Түрікмен кәсіби музыка өнерінің негізін салушы композиторлардың бірі.
- Түрікмен халық музыкасының нақыштарын батыстың классикалық жанрларымен (симфония, опера, хор) шебер ұштастырған.
- Ең танымал еңбектерінің қатарында «Зуһра мен Таһир» және «Кемине мен Қазы» опералары бар.
- Ол өз шығармашылығымен түркі әлемінің музыка тарихында ерекше орын алған тұлға.