― 30 апреля 2025 г.
Анкарада Түркі әлемі балет және хореография оқу орындарының II кездесуі өтті
2025 жылдың 30 сәуірінде Анкарадағы ТҮРКСОЙ Бас хатшылығында Түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған Түркі әлемі балет және хореография білім беру оқу орындарының II кездесуі өтті.
Жиынның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген TҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф түркі әлемінің ортақ мәдени құндылықтарының маңыздылығына тоқталып, балет пен хореография сияқты сахна өнері саласындағы ынтымақтастықтың тек өнер саласына ғана емес, сонымен қатар өркениет қалыптастыруға да қызмет ететінін айтты:
«Ортақ тарихымыз, ортақ өркениетіміз бен мәдени құндылықтарымыз бізге үлкен мұра қалдырды. Өнер — тілдер мен шекаралардан асып түсетін әмбебап тіл. Осы тұрғыдан алғанда, балет пен хореография саласындағы бұл кездесу — жай ғана өнер шарасы емес, түркі әлемінің ортақ болашағын құру жолындағы маңызды қадам. Біз бұл ортақ тілді дамыта отырып, халықтар арасындағы байланысты күшейтуді және жас ұрпаққа жеткізуді мақсат етіп отырмыз», — деді ол.
Сонымен қатар Сайит Юсуф бұл кездесудің түркі әлемінде мәдени саладағы ортақ жұмыстың нақты бір көрінісі екенін атап өтті. Ол ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың шетелде болуына байланысты бағдарламаға қатыса алмағанын, алайда қатысушыларға сәлем жолдағанын жеткізді. Сондай-ақ ол Раевтың өз бағдарламасын өзгертіп, кездесудің гала-шарасына қатысатынын мәлімдеді.
Кездесу барысында Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Мемлекеттік опера және балет басқармасының бас директоры Тан Сағтүрік те сөз сөйлеп, түркі әлеміндегі өнер саласындағы жетістіктеріне тоқталып, шығармашылық ынтымақтастықты бірізділікке қоюдың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Сағтүрік түркі елдерінің жас әртістері үшін халықаралық сахналарда көріну мүмкіндігінің осындай кездесулер арқылы арта түсетінін айтты.
Ашылу сөзінен кейін төмендегі өнер ордасы басшылары сөз алды:
- Әзербайжан Республикасы Баку хореография академиясы проректоры Тарана Мурадова;
- Қазақстан хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова:
- А. Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің директоры Тоғжан Карменова;
- Қырғызстандағы Ч. Базарбаев атындағы Бішкек хореография училищесінің көркемдік жетекшісі Айда Ахмадалиева;
- Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының ректоры Шухрат Тохтасимов;
- Түркиядан Хажеттепе университеті Анкара мемлекеттік консерваториясының директоры Метин Мунзур.
Олар өз мекемелерінің жұмыстары жайында баяндап, бірлескен жобаларға қатысты ойларын ортаға салды.
ТҮРКСОЙ ұйымдастырған бұл кездесу түркі әлемінің мәдени байланысын нығайту және білім беру мекемелері арасында тұрақты әріптестік орнату мақсатын сәтті түрде жүзеге асырды. Қатысушылар түрлі отырыстарда бас қосып, ортақ жұмыс бағыттарын айқындап, болашақтағы жобалар жайында пікір алмасты.