― 17 мая 2024 г.
Анкарада Сұлтан Раевтың "Ақ Ләйлек" психологиялық драмасы сахналанды
Анкараның Кечөрен ауданындағы "Неджип Фазыл Кысакүрек" театрында ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен Бас хатшы Сұлтан Раевтың "Ақ Ләйлек" психологиялық драмасы қойылды. Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры өнерпаздары сахналаған шығарма Жанар атты жетім қыздың тағдырына негізделген. Небәрі 4 жасында жетім қалған бойжеткеннің өтірікке өрілген өмірі, қайтыс болды деп жүрген ата-анасының асылында кезінде өзін асырап алғаны баяндалады. Ашуын бағып-қаққан әжесінен алған ол өмірін өзгертіп, шетелдік сүйіктісі Энтонмен Америкаға қашып кеткісі келеді. Жақсы өмір бастауды көздейді. Десе де әжесін де қимайды. Оны да ойлайды. Қоғамдағы ащы шындықты бейнелей отыра, терең ой салатын қойылымды барша көрермен ыстық ықыласпен қабылдап, қошемет көрсетті.
Туындыны тамашалауға қазақ студенттері мен қала тұрғындары келді.
Сондай-ақ ТҮРКСОЙ Бас хатшының орынбасары Сайит Юсуф, Қазақстан Республикасының Анкарадағы елшілігі, Қырғыстан Республикасының Анкарадағы елшілігі өкілдері де арнайы қатысты.
Шара соңында сөз алған Сайит Юсуф театр жас та болса бас екенін айтып, өнер иелеріне алғыс білдірді. Қазақ тілін білмесе де театр тілін түсінгенін айтқан бас хатшы орынбасары ұжымға шығармашылық табыс тіледі. Сайт Юсуфтың сөзінен кейін "Ақ Ләйлектің" бас режиссері Хұсейін Әмір Темір ТҮРКСОЙ басшылығына алғысын білдірді.
Кеш халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының және Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың гүлшоқтарын қоюмен тәмәмдалды. Сондай-ақ өнер иелерімен көрермендер естелік суретке түсті.
Айта кетейік, спектальді ұйымдастыруға ТҮРКСОЙ-мен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысы әкімдігі, Кечөрен аудандық әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Анкарадағы елшілігі қолдау білдірді.