― 26 апреля 2025 г.
Анкарада «Наурыз Fest» думаны
Анкара университетінде Қазақстанның Анкарадағы Елшілігі, ТҮРКСОЙ, Түркі Дүниесі Жастар Қоры және «Қазақ студенттері бірлестіктерінің» қолдауымен "Наурыз Fest" мерекесі өтті. Бағдарламаның ашылу салтанатында Анкара университетінің ректор орынбасары профессор Якуп Кумтепе, Түркі Дүниесі Жастар Қорының төрағасы Рамазан Зор, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайыт Юсуф және Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев сөз сөйледі.
ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен өткізілген шарада шамамен 2000 адамға палау пісірілді. Жастар көп қызығушылық танытқан фестиваль барысында концерттер мен дәстүрлі би қойылымдары, мерекелік жәрмеңке мен ұлттық тағамдар сатылатын орындар, интерактивті ойын алаңдары және фотокөшелер ұйымдастырылды. Түркі дүниесінің бай мәдениетін бейнелеген бұл шаралар қатысушыларға ұмытылмас сәттер сыйлады.
Саийт Юсуф: «Наурыз — түркі әлемінің бірлік пен жаңғыру мейрамы»
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Султан Раевтың жүрекжарды сәлемін жеткізе отырып сөз бастаған Бас хатшы орынбасары Сайыт Юсуф, Наурыз тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, түркі әлемінің бірлік пен ынтымақтастығының символы екенін атап өтті. Юсуф:
«Наурыз – бәріміз үшін жаңа бастамалардың және жаңғырудың хабаршысы. Бүгін мұнда бас қосқан жастарымыз — түркі әлемінің болашақтағы бірлігі мен бауырластығының кепілі», — деді.
Сондай-ақ Сайыт Юсуф 1990 жылдары Түркі Республикалары тәуелсіздік алғаннан кейін басталған студент алмасу бағдарламалары туралы айтып, осы жобалар арқылы мыңдаған жастың Түркияда білім алып, кейін өз елдеріне оралып, маңызды қызметтер атқарғанын айтты. Юсуф:
"Бүгін сіздер — сол кезде егілген ұрықтардың бүр жарған жас өркендерісіздер. Түркі дүниесінің болашағын сіздер қалыптастырасыздар," — деп түйіндеді.
Жастардың мәдени шараларда белсенділік танытуының маңызына тоқталған Юсуф, ТҮРКСОЙ ретінде жастардың мұндай бастамаларын әрдайым қолдайтындарын, жастар арасындағы ынтымақ пен достықтың Түркі дүниесінің жарқын болашағы үшін үміт көзі екенін атап өтті.
Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев өз сөзінде Қазақстан мен Түркия арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықтың арта түскенін және жастар арасындағы достық көпірлерінің болашақта үлкен жобаларға шабыт беретініне сенетінін айтты.
Бағдарлама барысында сөз сөйлеген Түркі Дүниесі Жастар Қорының төрағасы Рамазан Зор Түркі дүниесінің жастарының өзара бауырластық көпірлерін құруы алдағы уақытта күшті ынтымақтастыққа негіз болатынын атап өтті. Зор:
"Түркі жастарының саяси мүддеден биік бірлікпен әрекет етуі — түркі әлемінің жігерлерленуі үшін жасалған маңызды қадам," — деді.
Анкара университетінің ректор орынбасары профессор доктор Якуп Кумтепе ашылу сөзінде Түркі дүниесінің бай мәдени мұрасына тоқталып, жастардың осы мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу міндетіне назар аударды. Кумтепе мұндай шаралардың тек мәдениет саласына ғана емес, достық пен ынтымақтастық көпірлерінің құрылуына да үлес қосатынын айтты.
"Наурыз Fest" аясында күні бойы өткен концерттер, халық би қойылымдары, дәстүрлі музыка тыңдаулары, мерекелік жәрмеңке мен ұлттық тағамдар сөрелері қонақтарға мәдени мереке сыйлады. Сондай-ақ интерактивті ойын алаңдары мен фотокөшелер жастарға есте қаларлық сәттер сыйлады. Қатысушылар осылайша дәстүрлі мәдениетпен етене араласып, ұмытылмас Наурыз күнін өткізді.
Бағдарлама соңында шараның өтуіне үлес қосқандарға алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды.