― 8 сентября 2026 г.
Анкарада мұсылман қауымдастықтарының форумы өтті
Анкарада Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі, Шетелдегі түріктер және бауырлас қауымдастықтар басқармасы (YTB) мен Ислам елдерінің статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер мен оқыту орталығының (SESRIC) ұйымдастыруымен «I Мұсылман диаспораларының» форумы өтті. «Тамырдан көкжиекке» тақырыбында ұйымдастырылған форумға Түркия Республикасы Президентінің орынбасары Джевдет Йылмаз, Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой, елшілер, министрлер мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Форум аясында әлемнің түрлі аймақтарында өмір сүріп жатқан мұсылман қауымдастықтарының мәдени әрі тарихи тамырын сақтай отырып, өздері мекендеген қоғаммен орнатқан қарым-қатынасының болашағы, ортақ құндылықтар төңірегінде тоғысуының жаһандық деңгейде тудыратын «жұмсақ күш» әлеуеті және Газадағы оқиғалар барысында ислам диаспорасының Палестина күресін әлемге жеткізудегі шешуші рөлі сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой өз сөзінде мұсылман диаспораларының өткеннен бүгінге дейін ғылымнан өнерге, кәсіпкерліктен мемлекеттік қызметке дейінгі көптеген салада құндылықтар қалыптастырғанын атап өтіп, ортақ ынтымақтастықты арттыратын қуатты экожүйе құру қажеттілігіне тоқталды.
Ал Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев форум аясындағы өз бағасы мен баяндамасын 9 қыркүйекте өтетін отырыста ұсынады.