― 16 июня 2025 г.
Ақтауда түркі әлемінің опера кеші өтті
Ақтау қаласында 15 маусым күні «Ақтау – 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында түркі халықтарының өнерін біріктірген опера кеші өтті. Шараның басты мақсаты – шекарасыз саз бен ұлтқа бөлінбейтін шабыт арқылы көрерменді өнер тілімен табыстыру, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Кеш барысында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепбергенов, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ерболат Ахмедьяров, Абыл Тарақұлы атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Рахат Мадреев, сондай-ақ Өзбекстан, Түркия, Қырғызстаннан келген өнерпаздар және еліміздің бірнеше өңірінен үздік опера солистері мен М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының солистері өнер көрсетті. Опера кешінде барлық туындылар Абыл Тарақұлы атындағы Қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен, жанды музыкада орындалды.
Фестиваль барысында Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали өнерпаздарға алғыс білдіріп, шараның маңыздылығына тоқталды.
–«Ақтау – 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында халықаралық деңгейдегі көптеген шаралар жүзеге асып келеді. Бүгінгі опера кеші – сол жобаның жарқын жалғасы. Опера – классикалық музыка өнерінің биік шыңы. Бүгінгі кеште өнер көрсеткен барша қатысушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Нұртас Сали.
Кешке қатысқан дирижер Абылай Тілепбергенов шараның ерекшелігі – түркі елдерінен келген орындаушылардың ұлттық опера туындыларын ұсынуында екенін атап өтті.
–Түркі халықтарының әртістері өз елдерінің классикалық шығармаларын ұсынды. Мәселен, Қырғызстаннан келген өнерпаздар «Манас батыр» операсынан Манастың ариясын, Өзбекстан әртістері «Майсараның ісі» операсынан Ойхонның ариясын орындады. Қазақстандық орындаушылар көрерменге «Айсұлу» және «Біржан сал» операларынан үзінділер ұсынды, – деді Абылай Тілепбергенов.
Сондай-ақ, фестиваль қатысушылары арнайы сыйлықтармен марапатталды.