― 15 августа 2025 г.
Ақтауда «Өнерлі өрен» халықаралық балалар шығармашылық фестивалінің салтанатты ашылуы өтті
15 тамыз күні «Ақтау – 2025 Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында қаладағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Өнерлі өрен» халықаралық балалар шығармашылық фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев пен Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Жүсіпов Бекзат Бақбергенұлы қатысып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Сұлтан Раев өз сөзінде фестивальдің маңыздылығына тоқталды:
«Балалар – біздің болашағымыз. Балалардың толыққанды ересек болып өсуі үшін, олардың балалық шағында өз сезімдерін еркін жеткізуіне жағдай жасау, қабілеттерін танытып, жеке жетістікке жетуіне мүмкіндік беру, оларды бағалап, ынталандыру – олардың қалыптасу кезеңінде тұлғалық дамуына үлкен үлес қосады»,—деді Раев.
Фестивальға Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Тыва, Қырым, Түрікменстан және Қазақстанның әр өңірінен келген жас таланттар қатысуда.
Шара жас өнерпаздардың сахнаға шығу ретін анықтайтын жеребе тастау рәсімімен жалғасты.
Фестиваль түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтып, жас өнерпаздардың өзара тәжірибе алмасуына тамаша мүмкіндік береді.
Жас дарындар төрт бағыт бойынша өнер көрсетеді:
- Халықтық аспапта орындау,
- Халықтық вокал,
- Эстрадалық вокал,
- Хореография.
Алғашқы сайыс «Халықтық аспапта орындау» аталымы бойынша өтті. Қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында өнер саласының танымал тұлғалары болды:
- Бейбіт Бірімғазы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі,
- Арман Нұрмаханұлы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, хореограф, ТҮРСКСОЙ ұйымының мәдениет және өнер департаментінің басшысы,
- Рамиль Ғайзуллин – Башқұртстан Республикасының Халық әртісі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, Башқұртстан Республикасының Ұлттық халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушысы және көркемдік жетекшісі.
Екінші сайыс «Халықтық вокал» аталымы бойынша өтті.
Түркі әлемінің жас таланттарын біріктірген «Өнерлі өрен» фестивалі өз мәресіне жақындап келеді. «Ең үздік» атағын кім иеленетіні ертеңгі гала-концертте белгілі болады.