― 16 июня 2025 г.
Ақтауда Халықаралық фестиваль ашық гала-концертпен аяқталды
Ақтау қаласының «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланғанына орай ұйымдастырылған үш күнге созылған халықаралық халық музыкалық ансамбльдері мен халық аспаптары орындаушыларының фестивалі гала-концертпен аяқталды. «Маңғыстау» мемлекеттік қоғаммен байланыс орталығының хабарлауынша, фестиваль үлкен қызығушылықпен және ерекше белсенділікпен өтті.
Шарада Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Атырау және Қызылорданың өнер ұжымдары сахнаға шығып, өз елдері мен аймақтарының бай музыкалық мұрасын паш етті. Шараға қатысқан өнерпаздар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Фестивальдің жабылуына байланысты жеделхат жолдаған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев халық музыкасы ансамбльдері мен халық аспаптары орындаушыларының халықаралық фестивалінің түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын таныстыру және оны келешек ұрпаққа жеткізу тұрғысынан үлкен мән-мағынасы бар екеніне тоқталды. Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланған Ақтауда өткізілген бұл білікті ұйымның жыл бойы өткізілетін мәдени іс-шаралардың күшті бастамасы екенін айтқан Раев өз жолдауында келесі мәлімдемелерді қосты:
«Түркі әлемінің көне музыкалық дәстүрі әлем әрін айшықтайтын әуендермен қалыптасып, жергілікті жерден әмбебапқа жететін тартымды мәдени көпір орнатады. Бұл фестиваль тек музыкалық мереке ғана емес, сонымен қатар халықтарымыз арасындағы өзара түсіністікті, бауырластық пен біртұтастық сезімін нығайта түсетін мазмұнды кездесу. Осы орайда фестивальді өткізуге атсалысқан барлық мекеме мен өнер қайраткерлеріне шын жүректен алғыс айтамын.
Концертте өнер көрсеткен Атырау облысы «Сармад» этно-фольклорлық тобының мүшесі Ақбөкен Темір былай деді: Ақтаулықтар екі күн бойы концерттерді үлкен ықыласпен, қызығушылықпен тамашалады. Бүгін біз өз шығармаларымызды да, халық композиторларының шығармаларын да заманауи интерпретациямен таныстырдық. «Алаш аманаты», «Кенесары», «Қасым хан» және халық әні «Әгугай» сынды шығармаларды орындадық. Ақтаулықтардың қызығушылығы мен ынта-ықыласы бізді қатты толқытты», - деді ол.
Фестиваль соңында Ақтау қаласының әкімі Әбілхайыр Байпақов пен ТҮРКСОЙ өкілі Арман Нұрмахаматұлы фестивальді өткізуге үлес қосқан өнерпаздарға арнайы Алғыс хаттар мен ескерткіш тақталар табыс етті.
Айта кетейік, ТҮРКСОЙ-дың Ақтаудағы мәдени шаралары «Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында жыл бойы жалғасады.